Таразда Абай даңғылының бойында жантүршігерлік жол апаты болып, оның салдарынан бір адам көз жұмды. Апатқа кінәлі көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен. Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасына байланысты тергеу амалдарын бастады. Бұл туралы Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады деп жазады Nur.kz.
Оқиға орнында жасалған адамшошырлық кадрлар әлеуметтік желіде тарап кетті. Этикалық тұрғыда жантүршігерлік видеоны жарияламаймыз. Оған қоса, психикасы тұрақсыз адамдарға, аяғы ауыр келіншектерге және жасы 18-ге жетпегендерге сілтеме бойынша өтуге кеңес бермейміз.
Бейнежазбада жол апатынан қаза тапқан адамның денесі жерде шашылып жатқаны көрініс тапты. Жамбыл облысы полиция департаменті жол апатына байланысты тергеу амалдары басталғанын мәлімдеді.