Қытайдың оңтүстік-батысындағы Чунцин қаласының билігі «Катманду-Чунцин» әуе рейсінің үш жолаушысынан коронавирустың Үндістанда таралған штаммы анықталғанын растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қытайдың Ауруды бақылау және алдын алу орталығына сілтеме жасап.
Сәуір айының соңында Катмандудан (Непал) Чунцин қаласына келгеннен кейін қытайлық мегаполистің әуежайында үш жолаушының COVID-19-ға тапсырған тестілері оң нәтиже көрсеткен.
Жергілікті ауруды бақылау және алдын алу орталығы үш пациент коронавирустың жаңа штаммын Үндістанда жұқтыруы мүмкін екенін хабарлады. Эпидемиологиялық тексеру есебінде аталған үш азаматтың бұған дейін Үндістан мен Непалдың қалаларына сапар шеккені, кейіннен «Катманду-Чунцин» әуе рейсі арқылы Қытайға оралғанын айтылған.
Бұған дейін Қытайдың Ауруды бақылау және алдын алу орталығының бас эпидемиологы У Цзунью коронавирустың Үндістанда анықталған B.1.617 штаммы Қытайдың бірнеше қаласында тіркелгенін айтқан болатын.
«Бейсенбі күнгі жағдай бойынша құрлықтық Қытайда COVID-19 жұқтырудың 13 жаңа дерегі тіркелген. Олардың барлығы шетелден «әкелінген», – делінген ҚХР-дың Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің есебінде.