Қазақстанда карантин талаптарының сақталу барысына мониторинг жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының Telegram каналына сілтеме жасап.
Ондағы мәліметтерге қарағанда, 2021 жылғы 1 қаңтары мен 5 мамыры аралығында жұмысшы топ 76 995 рейд жүргізіп, 481 280 нысан тексерілді. Нәтижесінде 14 198 (2,9%) заңбұзушылық анықталды.
Карантин талаптарын бұзу әрекеттерінің басым көпшілігі Түркістан (2 198), Алматы (1 996), Шымкент (1 596) қалалары мен Алматы облысы (955) және⠀ Шығыс Қазақстан (3 538) облысында тіркелді.
Мониторинг барысында анықталатын негізгі заңбұзушылықтар: карантин кезінде қызметіне тыйым салынған объектілердің жұмыс істеуі, шектеу режимін сақтамау, шамадан тыс адам жинай отырып, бұқаралық іс-шаралар өткізу болып табылады.
Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзушылықтарды анықтау бойынша мониторингтік топтар 2 502 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 2 292 нұсқама берді, 268 материал сотқа жолданды, 70 объектінің қызметі тоқтатылды.
Нәтижесінде 8 147 кәсіпкерлік нысан мен 6 371 жеке тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, 1,114 млрд теңгеден астам айыппұл салынды.
Айта кету керек, азаматтардың басым көпшілігіне қоғамдық орындарда маска режимін бұзғаны үшін айыппұл салынған.