What ‘ sApp мессенджерінде медициналық жоғары оқу орындарының студенттерін сабақ уақытында жасырын түрде вакцина құтыларының жапсырмаларын жабыстыруға мәжбүрлейтіні туралы хабарлама таратылуда. Оларға шетелдік препаратты отандық өнім ретінде ұсыну үшін қытайлық вакцинаның стикерлерін қазақстандық екпенің стикерлеріне ауыстыру тапсырылған екен. Бұл жалған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қытайлық вакцинаның заттаңбасын QazVac стикерлеріне ауыстыру туралы қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды stopfake.kz порталы.
Ведомствоның хабарлауынша, 30 сәуірде Қазақстанға «Hayat-Vax» вакцинасының 400 мың қаптамасы жеткізілді. Бұл препарат Қытайда жасалған және Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген. Жеткізу кезінде барлық нұсқаулар мен белгілер араб және ағылшын тілдерінде болған. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 242-бабына сәйкес, елімізде барлық дәрілік заттар қаптамасына қазақ және орыс тілдерінде жақсы оқылатын қаріппен басылған таңбамен айналысқа түсуге тиіс.
Қажетті белгілерді қоюға және нұсқаулығы бар парақтарды буып-түюге ерікті студенттер көмектесті.
"Стикерлеу Бірыңғай дистрибьютордың Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Шымкент қалаларындағы хабтарында жүзеге асырылды. Әр қоймада 20-40 штаттық қызметкер жұмыс істеді. Жұмысты тездету мақсатында еріктілердің көмегі ұсынылды, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында – 2 адам, Алматы қаласында – 5 адам, Ақтөбе қаласында – 10 адам. Кірмес бұрын келушілерге қоймадағы тәртіп ережелері айтылып, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық берілді. Тапсырма түсіндірілді: стикерлер мен аннотацияларды дайындау және буып-түю, содан кейін – стикерді қаптамаға жабыстыру. Көмек ерікті (волонтерлік) болғандықтан, қандай да бір келісімдер мен шарттарға қол қою көзделмеген", – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінен.
Яғни, студенттер вакцина қаптамаларының атауын ауыстырмаған, олар заңмен талап етілген таңбаларды жабыстыруға көмектескен.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық кодекске сәйкес жаза қарастырылған.