10.05.2021, 14:20

Елордада мас күйдегі ер адам көпірден секіріп кетті

Фото: видеодан скриншот
22 жастағы жігітті полиция қызметкерлері құтқарып қалды.

Нұр-Сұлтан қаласында полиция қызметкерлері көпірден секіріп кеткен ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 9 мамыр күні сағат 04:30 шамасында болған.

«Жедел басқару орталығына Қажымұқан көшесіндегі «Қазақстан» спорт кешені алдындағы көпірден ер адамның секіргелі тұрғаны туралы хабар түсті. Алайда полиция қызметкерлері жеткенше ер адам көпірден секіріп үлгерген. Дегенмен, оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Темірлан Әділбеков пен Олжас Алтынбеков ер адамды судан дер кезінде алып шығып, оның өмірін құтқарып қалды», - делінген қалалық Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.

Белгілі болғандай, 22 жастағы ер адам ішімдік ішіп алған болып шықты. Қазіргі уақытта дәрігерлер тексеруіне жіберілген жігіттің өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.   

Тегтер: Суицид мас күй