11.05.2021, 12:40

Риддерде төтенше жағдай жарияланды

фото: ашық дереккөзі
Өрт салдарынан 1 адам қайтыс болып, 2 адам зардап шеккен.

Риддердегі алапат өрттен 83 адам үйсіз қалды. Зардап шеккен екі адамның жағдайы ауыр. Енді Риддерде ТЖ жарияланады. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.

Таңертең құтқарушылар өртенген аумақты аралап шықты. Нақтыланған мәліметтер бойынша, өрттің ауданы 283 гектар. Өрт сөндіруге 500-ге жуық адам, 70 техника және екі тікұшақ қатысты деп жазды NEGE

"Бүгін ШҚО әкімдігі Риддер ауданында қалалық ауқымдағы ТЖ жариялайды. (...) Елді мекен ішінде өрт толығымен жойылды. Орман өртінің периметрі бойынша ашық жану байқалмайды. Қазіргі уақытта жекелеген учаскелерде ағаш діңдері сөндіріліп жатыр. 

Кешке қарай біздің күштер мен құралдарымыз өртті толығымен сөндіреді деп үміттенеміз. (Шоқтанып тұрған жерлер қайта өртке айналуы мүмкін бе? - автор.) алдын ала айту мүмкін емес. Сөндіру барысында анық болады. Қатты жел болмаса, күтпеген жағдай болмайды деп үміттенеміз", - деді Уәли.

Сондай-ақ, ол материалдық залалды өтеу бойынша сұраққа жауап берді. 

"Материалдық шығынды анықтау үшін зардап шеккен тұрғын үй нысандарын тексеру жөнінде комиссия ұйымдастырылды. ШҚО әкімдігі ТЖМ-ге залалды өтеу туралы ұсыныс айтса, Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығы республикалық бюджеттен ақша бөлуді қарауға дайын", - деді ресми өкіл.

Өрт 5 көшені шарпыды. Онда 59 тұрғын үй болған, оның ішінде 37 тұрғын үй өртенген (9 шаруашылық құрылыс).

"Өртенген үйлерде 83 адам, оның ішінде 10 бала тұрды. Зардап шеккен тұрғындар ішінен 13 адам жатақханаға, қалған 68 адам туыстарының үйлеріне орналастырылды", - деді ТЖМ ресми өкілі.

Өрттен бір адам қайтыс болып, екі адам зардап шеккені расталды.

"Жедел жәрдем желісі бойынша Лесхоз кентінен 1949 және 1980 жылы туған екі ер адам күйік шалып, жергілікті ауруханаға, реанимация бөліміне жеткізілгені туралы ақпарат келіп түсті. Өрт орнында 1948 жылы туған әйелдің мәйіті табылды", - деді ол.

Алдын ала берілген ақпарат бойынша, мамандар қасақана өртеу және отты абайсыз қолдану нұсқаларын қарастырып жатыр.