Жаңалықтар 13.05.2021 сағат 16:20

Ақтөбеде «табиғатқа миллиардтаған теңге зиян келтірді» деп айыпталған шошқа фермасына қатысты сот басталды

Шошқа фермасының жабылуын талап еткен жиынға Бестамақ ауылынан бөлек, сол маңдағы Қарағаш, Бесқоспа ауылдарының тұрғындары да келген.
Ақтөбеде «табиғатқа миллиардтаған теңге зиян келтірді» деп айыпталған шошқа фермасына қатысты сот басталды
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

12 мамырда Ақтөбенің экономикалық соты "шошқаның ішек-қарны мен өлексесін жерге көміп, табиғатты ластады" деп айыпталған Алға ауданындағы ферманың ісін қарай бастады, деп жазады Азаттық.

"Табиғатқа келтірілген 7 млрд теңгеден астам зиянды" шошқа фермасынан өндіріп алу үшін сотқа Ақтөбе облысының экология департаменті шағымданған.

Экологтар Бестамақтағы шошқа фермасын 2020 жылғы 20 қараша мен 3 желтоқсан аралығында тексерген. Жоспардан тыс тексеру кезінде ферма маңындағы шұңқырлардан 189 тонна биологиялық қалдық қазып алынған.

"Жерге көмілген қалдық одан да көп болуы мүмкін. Біз уақыттың тығыздығынан бәрін бірдей қазып үлгермедік" дейді Ақтөбе облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Ғасыр Орынбасаров.

Экологтар Бестамақтағы ферма биологиялық қалдықты жерге көміп, табиғатқа 63 млн теңге залал келтірді деп санайды. Тексеру кезінде шошқаның ішек-қарны, қан-жыны, терісі мен өлексесін ферманы айналдыра көмуден басқа да бірнеше заңсыздық анықталған.

Тексеру қортындысына қарағанда, жоба бойынша 40 мың бас шошқа ұстауы керек кәсіпорында жануар саны елу мыңнан асып кеткен. Кәсіпорын шошқаның ішек-қарнын өңдеп, мал азығына пайдалануы тиіс болған. Бірақ қалдық өңдейтін экструдердің қуаты жетпей, биологиялық қалдықты 2019-2020 жылдары ферма маңына көме берген. Одан бөлек, шайынды суды тазартатын қондырғысы да істен шығып, лас сұйықтық Байбақты өзеніне құйылған.

Экологтардың сөзінше, Бестамақтағы шошқа фермасы биологиялық қалдықты жерге көміп, кемінде 13,80 гектар алқапты бүлдірген және жердің 5,46 гектар құнарлы қабатын жойып жіберген. Сөйтіп табиғатқа жалпы сомасы 7 млрд теңгеден астам залал келтірген.

Сотта "Парижская коммуна" серіктестігінің (Бестамақтағы шошқа фермасының ресми атауы – Ред.) құқығын қорғаған Юлия Стех ферма маңынан қазып алынған биологиялық қалдықтың 189 тонна екеніне күмән келтірді.

– Заңнамаға сәйкес, жер ресурсына келтірілген залал экономикалық бағалаудың тура әдісімен есептелуі керек. Ферма қожайынының үстінен қылмыстық іс қозғалмас бұрын экологтар тәуелсіз сарапшылардың есебіне сүйеніп, залал мөлшерін 14 млн теңге деп көрсеткен. Ал кәсіпкерден қоршаған ортаға келген залалды сот арқылы өндіріп алар кезде бағалаудың жанама әдісін қолданып, биологиялық қалдық залалын 63 млн теңге деп отыр. Заңда бір нысанға экономикалық бағалаудың екі әдісін бірден қолдануға болмайды. Сондықтан жауапкер тарап фермада жүргізілген тексеру қортындысын заңсыз деп тануды сұрап, сотқа шағымданды. Дау әлі аяқталмағандықтан біз экономикалық соттан бұл істі қарауды кейінге қалдыруды сұраймыз, – деді заңгер Юлия Стех.

Прокурор Эльмира Коргулина экологтар жинаған дәлел мен дәйекті жеткілікті деп санайды. Онлайн сот кезінде тараптар пікірін тыңдаған судья Мәрия Шәріпова жауапкер өкілі Юлия Стехтың шағымын қанағаттандырған жоқ.

– Табиғатқа келген залалды экономикалық бағалаудың тура әдісін қолдану мүмкін болмаған жағдайда Экология кодексіндегі 110-бапқа сәйкес жанама әдісті пайдалануға болады. Біз Бестамақтағы тексеру кезінде жанама әдісті қолдануға мәжбүр болдық. Себебі табиғатты пайдаланушы залал көлемін анықтауға өз ықтиярымен қолұшын бергісі келмеді. Осыдан кейін тәуелсіз сарапшы шақырып, алдымен 5,46 гектар жерді қалпына келтіру құнын анықтадық. Соның негізінде қылмыстық іс қозғалды. Қазір ол іспен Алға аудандық ішкі істер бөлімі айналысып жатыр. Жауапкердің "залал көлемі 14 млн теңге" деп отырғаны – осы. Бұл – жерге көмілген биологиялық қалдықтарды қазып алмай тұрған кездегі сома, – деді эколог Ғасыр Орынбасаров.

12 мамыр күнгі онлайн процеске тараптардан бөлек шошқа фермасы орналасқан Бестамақ ауылының тұрғындары да қатысты. Жауапкер тарап экологтарға қарсы уәж айтқан кезде Бестамақ тұрғындары бастарын шайқап, наразы екенін аңғартып отырды.

2020 жылғы 19 қарашада Ақтөбе қаласының іргесіндегі Бестамақ ауылының жүз шақты тұрғыны наразылық білдіріп, ауыл іргесіндегі шошқа фермасын жабуды талап еткен. Жергілікті жұрт ферма жақтан жел тұрғанда, күлімсі иіс тарап, үйден шыға алмай қалатынын айтқан.


Шошқаның ішек-қарны, терісі және өлексесі ауыл маңындағы шұңқырларға көміліп жатқанын видеоға түсіріп алған тұрғындар ферма қожайындарын жерді, суды ластап жатыр деп айыптаған. Тұрғындар алдында өзін "Бестамақ ауылшаруашылық кешенінің атқарушы директорымын" деп таныстырған Нұрым Құмаров кәсіпорынның экструдері сынып қалып, шошқа өлексесі мен ішек-қарнын 20 күннен бері ферма іргесіндегі шұңқырларға көміп жатқанын мойындаған.

Шошқа фермасының жабылуын талап еткен жиынға Бестамақ ауылынан бөлек, сол маңдағы Қарағаш, Бесқоспа ауылдарының тұрғындары да келген. Бұл ауылдар Ақтөбе облысының Алға ауданына қарайды.

3 желтоқсанда Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Азамат Құстанов Бестамақтағы ауыл шаруашылығы кешені басшыларының үстінен ҚР қылмыстық кодексінің 332-бабы ("Жерді бүлдіру") бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқан.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар