Елімізде 1200-ге жуық ауыл әлі күнге дейін ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Бұл туралы Antikor Live бағдарламасында Саиров - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«30 жыл ішінде ауызсу мәселесіне 1 трлн теңге жұмсалған. Елімізде 1200-ге жуық ауыл әлі күнге дейін ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін ауызсу мәселесін 100% шешу керек екенін айтты. Бұл мәселеде шешілмеген проблемалар көп», - дейді Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров.
Оның айтуынша, ауызсу мәселесін шешу тетіктері министрліктер және әкімдіктер арқылы қаржыландырылады. «Бұл бағытта проблема көп. Мысалы, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында ауылдан екі шақырымдық жерге су шығаратын үлкен насостар орнатылған. Әрбір насосқа 30-40 млн теңге кетеді. Бірақ сол ауылдарға магистраль тартылмаған. Магистраль тартылғанша ол насостар істен шығып қалады. Сонда халықтың қаншама миллиард теңгесі желге ұшуда. Мұның бәрі жергілікті шенеуніктердің немқұрайлығы. Немқұрайлылық - жемқорлықтың түптамыры», - дейді ол.