$ 494.87  520.65  4.91

144 миллиард теңге жымқырды деп айыпталған Жомарт Ертаевтың жазасы жеңілдеді

Qazaq banki-нің бұрынғы акционері Бақыт Ибрагимге де үкім шықты.

Алматыда Bank RBK-дан 144 миллиард теңге жымқыру ісі бойынша Жомарт Ертаевтың жазасы жеңілдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Апелляция алқасы қаулысына сәйкес Ертаев енді түрмеде 11 жыл емес тоғыз жыл отыруы тиіс. Сот үкімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалады.

Qazaq banki-нің бұрынғы акционері Бақыт Ибрагимге де үкім шықты. Сегіз жылға бас бостандығынан айыру түрінде бұрын тағайындалған жаза жеті жылға дейін төмендетілген.

Ал Bank RBK басқармасының экс-төрағасы, бұрын сегіз жылға бас бостандығынан айырылған Игорь Мажиновты жеті жылға соттап, мүлкін тәркілеген.

"Оған қатысты бас бостандығын шектеудің барлық белгіленген мерзіміне пробациялық бақылау белгіленсін және оған сотталған адамның мінез-құлқын бақылайтын уәкілетті мемлекеттік органды хабардар етпестен, тұрақты тұрғылықты жерін, жұмыс орнын ауыстырмау міндеті жүктелсін", - делінген сот қаулысында.

Олардан басқа 18 сотталушыға қатысты соңғы үкім өзгертілген. Олар: Едігенев, Батырбаев, Игильман, Садықов, Барменбеков, Абдраимова, Жақубаева, Тойшиев, Мамырбеков, Ибраева, Мәмбетжанова, Мәмбетов, Шәріпов, Дәулетбекова, Агапов, Құсайынов, Бектаев және Пак. Олардың бәріне нақты бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрге алмастырылып, қамаудан босатылған.

Еске салайық, бұған дейін соттың бірінші сатысында Bank RBK-дан 144 миллиард теңге ұрланғаны дәлелденген болатын. Тергеу деректеріне сүйенсек, қылмыс 2011-2017 жылдар аралығында жасалған. Қылмыстық іс 46 эпизод және 700 томнан тұрады. Айыптау актісінде 3600-дан аса парақша бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары