Шымкентте кәмелетке толмаған бала көлік ұрлап, сол көлікпен қызды қағып кетті. Сұмдық апатқа бірнеше адам куә болған. Апат сәті сыртқы бейнебақылау камерасына түскен деп хабарлайды Otyrar.kz.
Басылымның хабарлауынша, жәбірленуші бейресми түрде автобус кондукторы болып жұмыс істеген, ол жұмысқа уақытша құрбысының орнына шыққан екен. Қыз жолдан өтіп бара жатып, оны көлік қағып кеткен.
Қызды қағып кеткен кәмелетке толмаған жасөспірім туысының көлігін ұрлап, Шымкент көшелерінде жүргізіп келе жатқан.
Жол-көлік оқиғасы болған жерден 21 жастағы жәбірленуші ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілді.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы пациенттің миының 1-2 дәрежедегі контузиясы, кеуде қуысының жабық жарақаты, жамбас сүйектерінің сынуы және үшінші дәрежелі травматикалық шок болғанын хабарлады.
"Ауруханаға түскен кездегі жалпы жағдайы ауыр. Шокқа қарсы және симптоматикалық терапия жүргізілді. Бүгінде динамикада біраз жақсару бар", – деп хабарлады ведомствода. Полиция бұл факті бойынша тергеу жүргізуде.