Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің маңында 18 жастағы студент қыздың үстіне сынған ағаш құлап, ауыр жаралады. Бұл туралы ақпаратты студенттің әпкесі хабарлады деп жазады Tengrinews.kz. Бойжеткен ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
"Біз екеуміз ҚазҰУ-да бірге оқимыз. Дәріс аяқталған соң сағат 16:00-де менің сіңлім Мөлдір Ержанова университеттен шығып, аялдамаға қарай бет алған. Ол жерде оның үстіне ағаш құлап кетіпті. Куәгерлер сіңлімнің жағдайының ауыр екенін көріп, дереу жедел жәрдем шақырған. Мөлдірді Қалқамандағы 7-ші ауруханаға жатқызды. Жағдайы ауыр. Ота жасайтын шығар. Әзірге белгісіз. Дәрігерлер консилиумға жиналып, шешетін болады. Ағаш тура басына құлаған. Сіңлім есін жоғалтқан жоқ. Бірақ, екі күннен бері ұйықтамай жатыр. Ұйықтаса қайтып оянбай қалуы мүмкін депті дәрігерлер", - дейді Зере Жұмағалиева.
Жараланған Мөлдір Ержанова география факультетінің екінші курсында оқиды.
Дәрігерлер болса өте жақын уақытта қызға ота жасау қажеттігін анықтайтын болады. Айтуларынша, оның миы шайқалып, бас сүйегі шытынаған.