АҚШ-та жасырынып жүрген үш қазақстандық ұсталды. Олар аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін халықаралық іздеуде болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz .
"Интерполдың Қазақстан ІІМ Ұлттық орталық бюросы АҚШ құзыретті органдарының көмегімен Америка аумағында жасырынып жүрген үш қазақстандықты анықтап, ұстады. Олар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін Қазақстан полициясының сұрауы бойынша халықаралық іздеуге жарияланған. Өткен аптада олар Қазақстанға жер аударылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп хабарлады ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз брифингте.
Ол соңғы уақытта шет мемлекеттердің аумағында қылмыскерлерді ұстау географиясы едәуір кеңейгенін айтты. Соңғы бес жылда ТМД елдерінде, сондай-ақ ГФР, Грузия, Түркия, АҚШ, Израиль, Араб Әмірліктері, Финляндия, Ұлыбритания, Канада, Сенегал, Испания, Таиланд, Румыния, Португалия, Болгария, Австрия, Қытай, Швеция, Македония, Польша, Дания, Греция, Хорватия елдерінде іздестірілген адамдар анықталып, ұсталды.