Түркістанда ҚР XI жазғы универсиаданың ресми ашылуында сапты сақтамай Мемлекеттік туды алып жүрген әскери киімді адамдарға қатысты түсінік берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлеуметтік желіде Түркістан стадионында Ту алып жүрген әскерилердің видеосы таралып жатыр. Сапты сақтамай, ұқыпсыз адымдап келе жатқан әскери киімдегі 4 адам көпшіліктің күлкісін келтірсе, әскери өмірді көрген азаматтар бұған ашу білдіруде.
«ҚР XI жазғы универсиадасының ресми ашылу салтанаты Түркістан қаласындағы Түркістан Арена стадионынында өткізілген болатын», - деді шараны ұйымдастырушы - Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің баспасөз қызметінен.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған шарада ҚР Мемлекеттік туын алып жүрген азаматтар әскери қызметшілер емес – студенттер. Сондай-ақ саптық адыммен жүру кезінде қатты желдің салдарынан олардың жүрісі біркелкі болмаған.
«Атап өтейік, Түркістан қаласында соңғы 3-4 тәулікте қатты жел соғып тұр. Сценарий бойынша ұзақтығы 150 метрдей саптық жүру кезінде, желдің өте қатты тұруына байланысты студенттер әскери жүрістің тәртібін бұзуға мәжбүр болған.
Ал ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға қатысы жоқ адамдарға арнайы белгілері бар әскери нысанды киімді киюге қолданыстағы заңнамада жол берілмейтінін атап өтті», - деп мәлім етті Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінен.