$ 494.87  520.65  4.91

Щучинск тұрғынын 24 жылдан бері өлгендер тізімінен шығармаған

Бүгінде тірі адамдардың ақпараттық базасында тіркелмегендіктен, Анастасия Малашенко заңды құқықтарын пайдалана алмай келеді.
фото: sputnik.kz
фото: sputnik.kz

63 жастағы Анастасия Малашенко ауруханаға барса, медициналық тексерістен өте алмайды. Ол өлген адамдардың тізімінде тұрғандықтан, басқа да мемлекеттік қызметтерді қолдана алмай келеді. Sputnik Қазақстан тілшісі осы мәселенің мән-жайын анықтады.

Анастасия өзінің "қайтыс болғанын" алғаш рет 2015 жылы білген. Сөйтсе, оның "о дүниелік болып кеткеніне" бақандай 24 жыл болыпты.

"Түсініксіз әрі қиын жағдай. Мен алты жыл бұрын Щучинск қаласының халыққа қызмет көрсету орталығына зейнеткерлікке шығуды рәсімдеу үшін барғанмын. Ол жердегі мамандар менің мезгілсіз "қайтыс болғанымды" айтқанда төбемнен жай түскендей болды", – деп еске алады Анастасия Малашенко.
Оның айтуынша, 2013 жылы жеке куәлікті ауыстырғанда ешқандай проблема болмаған. Сол кезде базадан тірі адам ретінде шығып тұрған.

"2013-те "тірі" едім. Содан бері менің бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Барлығы бір-біріне сілтейді. Сөйтіп, бір шеңберді айналып жүрмін. Шаршадым. Әлі есімде, 2015 жылы мен прокуратураға хат жазып, қатенің қалай кеткенін анықтап беруді сұрағанмын. Олар Алматы облысындағы Көксу аудандық азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімі мамандарының шатасқанын айтқан. Ол жақта аты-жөніміз бірдей кісі қайтыс болыпты. Бірақ менің фамилиям Малашенко, ал ол кісінікі – Милашенко. Сөйтіп, екеуімізді шатастырып, мені қайтыс болғандардың қатарына қосып жіберіпті", – дейді ол.

"10 миллион теңге төлесін..."

Бүгінде Анастасия заңды құқықтарын пайдалана алмай жүр. Мәселен, ауруханада медициналық тексерістен өтуге мүмкіндігі жоқ. Себебі ол тірі адамдардың ақпараттық базасында тіркелмеген.

"Ештеңе істей алмаймын. Қазақстанда туған-туыстарым да жоқ. Новокузнецк қаласында ағам тұрады. Оған кетіп қалайын десем, пойызға билет те сатпайды екен. Себебі өлген адаммын. Шаршадым. Бір рет журналистерден көмек сұрадым. Сюжет түсірді. Бірақ ештеңе шешілген жоқ. Көмек беруіңізді сұраймын. Мен – тірі адаммын. Оны дәлелдей аламын. Қатені түзетсін. Ал осы қатені жасаған адамдар 10 миллион теңгенің моральдық шығынын төлесін. Өйткені жүйкем тозды", – дейді Малашенко. 

Қатені түзетті, бірақ Анастасия тірілген жоқ

Sputnik Қазақстан тілшісі Ақмола облысының әкімдігіне хабарласып, осы жағдайды түсіндіріп беруді сұрады. Әкімдік мамандары Анастасия Малашенконың "өлімін" растады.

Шынымен де, Көксу аудандық азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімі мамандары қателік жасап, оны өлген адамдардың базасына қосып жіберген. Осы факті анықталғаннан кейін қатені түзетті. Көксу ауданының әкім аппаратынан Анастасия Малашенконың 2018 жылдан бері өлгендердің қатарынан шығарылғаны туралы жауап та келген.

Алайда Щучинск қаласының тұрғынын әлі күнге дейін ауруханада қабылдамайды. Оған билет те сатылмайды.

"Бұл жерде бір мәселе бар. Қазір барлық базаны бір орталыққа қосып жатыр ғой. Щучинск қаласының халыққа қызмет көрсету орталығында ол тірі адам ретінде шығып тұр. Ал денсаулық сақтау министрлігінің базасына ескі ақпарат кетіп қалған сияқты. Біз қазір осы мәселені шешіп жатырмыз. Онымен денсаулық сақтау басқармасы айналысуда", – дейді әкімдік мамандары.

Бүгінде қайтыс болған адамдардың ақпараттық базасын денсаулық сақтау министрлігі жүргізеді. Соны түзетсе, Анастасия Малашенко толығымен "тіріледі".

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары