Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның шақыруы бойынша екі күндік ресми сапармен Душанбеге барды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook-тегі парақшасында жазды деп хабарлады Sputnik.kz.
Бұл – Қазақстан президентінің биылғы алғашқы шетелдік сапары.
Ал Қазақстан президентін Душанбе халықаралық әуежайында Тәжікстанның президенті Эмомали Рахмон және басқа да ресми тұлғалар күтіп алды.
"Ертең түске дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон шағын және кеңейтілген форматта келіссөздер жүргізеді деп жоспарланған. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылмақ. Сондай-ақ мемлекет басшылары БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізеді", – делінген ақпаратта. Бұдан бөлек сапар бағдарламасына сәйкес Қасым-Жомарт Тоқаев Исмоил Сомонидің ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысады және Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасымен және Тәжікстанның премьер-министрімен кездесуі жоспарланған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің басшыларымен телефон арқылы сөйлескен болатын. Солардың қатарында президент Эмомали Рахмонмен әңгіме барысында Тоқаевтың алдағы уақытта Тәжікстанға жасайтын ресми сапарының жай-жапсары талқыланған.