$ 494.87  520.65  4.91

Семей саябағының тамырына балта шапқан кім?

Семей қаласында саябақ жоқ дегенге  сену қиын.  Алайда бұл – шындық!
Фото: ratel.kz
Фото: ratel.kz

Бір қарағанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тарихи орталық деп баға берген Семей қаласында саябақ жоқ дегенге  сену қиын.  Алайда бұл – шындық! Қала тұрғындары мен қонақтары үшін  қазір Ертіс жағалауынан басқа барар жер жоқ, деп жазады semeytany.kz.

Семейліктердің неше буын өкілдері үшін  сүйікті демалыс орны болып келген Орталық саябақтың есігіне қара құлып салынғалы  үш жылдай уақыт болды. Алғашқыда  жөндеу жүргізіледі дегенді естіп қуанған  қала тұрғындары қазір жаңартылған саябақты көруден үміт үзе бастағандай…

Соңғы кездері биліктің үстінен шағым айтып, өздерін ақиқаттың жаршысы, қиянаттың құрбаны етіп көрсетіп, әлеуметтік желінің жұлдызына айналған кәсіпкерлер көп. «Осы сақалды құрылысқа  айналған саябақты  жөндеуге бөлінген МИЛЛИАРДТАН  асатын  үлкен  жобаның мердігері  кім?» деген сауал көпшіліктің санасына салмақ салып келе жатқаны құпия емес…

Өткен жылы, Абайдың туғанына 175 жыл толуы қарсаңында беріледі деп күткен нысан әлі күнге жабық, таяу күндері ашылатын түрі де байқалмайды. Жолға  жайылған тас төсеніштер мен саябақ ортасындағы Шәкәрім Құдайбердиев ескерткішінің тұғырындағы қаптамаларының қопарылып жатқанын көрген семейліктердің «қайран, суға кеткен бюджет қаржысы» деп өкініш білдіруден басқа амалдары жоқ. Мамыр айының  ортасынан ауып барады, алайда  семейліктер биыл да саябақта сайрандай  алмайтын сияқты. Бос уақыттарында Орталық саябақты бетке алатын семейліктер  бұл күндері  адам бойынан асатын темір қоршауындағы тесік-тесіктен сығалаудан әрі аса алмай жүр.

Сонымен, Семейдегі Орталық саябақ қалай сақалды құрылысқа айналды?

Орталық саябақ құрылысы Мәңгілік Ел көшесінің Жамақаевпен қиылысынан бастап Шмидтке (Арбат) дейін  жөндеу жобасы негізінде басталған болатын. Тапсырыс беруші – «Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесі. Мердігер мекеме – «Еңбек-Семей» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты  шаруашылық жүргізу құқына ие «Еңбек» филиалы, «Көкжартас-құрылыс» ЖШС. Жөндеу жұмысы 2021 жылдың 1 маусымында аяқталуға тиіс болатын.

Жұмысы 2019 жылдың қыркүйек айында басталған саябақ ішіндегі жолдарға төсейтін тастармен Саранбаев басшылық ететін «Семей – Табиғат» ЖШС қамтамасыз ету керек болатын. Жөндеу жұмыстары аталған серіктестіктің мемлекеттік тапсырысты мерзімінде орындай алмауынан әлі күнге аяқталмай тұр… Оның себебі не дейсіздер ғой?! Себебі – серіктестік  құны МИЛЛИАРДТАН асатын жобаны ысырып қойып, басқа тапсырысты орындауға кіріскен. Саябақтағы жөндеу жұмысының аяқталмай тұруының басты себебі жолға төсейтін тастардың мезгілінде жеткізілмеуінен. Нақты айтқанда, саябаққа тиесілі төсеніш  тастар Әуезов даңғылының бойындағы «Абай жолына» жөнелтілген. 

Семей қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығының бұрынғы басшысы Амантай Өтелбаевтың айтуынша, «Семей – Табиғат» ЖШС құрылтайшысы  ресми түрде басқа адам болып тіркелгенімен, жұмыс есімі көпшілікке таныс Рафаил Хазиповтың тікелей басшылығымен жүргізілген. Тапсырыс берушілер тарапынан бірнеше мәрте ескерту жасалған. Алайда Рафаил Хазипов  күнде ертеңмен, немесе «әне келеді», «міне келедімен» шаршатқан сыңайлы. Бас мердігер мен қаланың бұрынғы әкімі Ермак Сәлімовтің тарапынан қатты талап қойылмағандығы да  нысанның  сақалды құрылысқа айналып кету  себептерінің бірі екендігі сөзсіз.

Биыл қыс маусымында семейліктер үшін саябақтың есігінің ашылуы кездейсоқ жағдай болды. Ашылардан аз уақыт бұрын ғана, нақты айтқанда қараша айында, саябақ ішіндегі жолдарға  тастар төселген болатын. ҚАРАШАДА!!! Біздің жақта қыс ерте түсетіні белгілі. Қарашада – Қазақстанның шығысында  алғашқы суық түсіп, жер қатып, қыс  хабарын беретін уақытта – төсеніш тастар  жеткізіліп, жердің қатып қалғанына да қарамастан жайылған. ҚАТЫП ҚАЛҒАН ЖЕРГЕ!  Жер қатып қалатын уақытта тақтатас төсеу  құрылыс жұмысының техникалық талаптарына қайшы екендігін білу үшін маман болу қажет емес деп ойлаймыз… Сонымен, құрылыс талаптарына қайшы атқарылған іс өз «нәтижесін» берді. Күн жылынып, қар ери бастағанда қарашада  төселген  тастар  қопарылып қалды.

Бүгінгі таңда саябақтағы қателіктер салдарын  қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып жатыр. Әрине, тапсырысты орындауға тиісті мердігер есебінен. «Көкжартас» фирмасы жерге тас төсеу  конкурсын ұтып алған.

Сөйтіп, «Семей – Табиғат» ЖШС-нің жауапсыздығынан болған әрекет семейліктердің жалғыз саябағын ұзақ уақытқа жабуға себеп болып отыр. Бір тапсырысты орындамай, екінші  нысан құрылысын бастаған аталған серіктестіктің берекесіздігі бұл ғана емес сияқты… 

Өткен жылы «Абай жолы» бойына төселген тастардың бүгінгі жағдайы қалай? Абайдың туғанына 175 жыл толуы  құрметіне ақын мұражайы маңында атқарылған құрылыс жұмыстарына аталған серіктестіктің қатысы бар ма? Осы сауалдарға тиісті орындардың  жауап беруін сұрағымыз келеді.

Семейдегі Жеңіс саябағына таяу орналасқан Мәңгілік ел көшесінің бойындағы Арбатта  отырғызылған шыршалар жайлы да айта кеткен орынды болар. Өткен жылдың мамыр айында  шыршалардың сауатсыз отырғызылғандығы семейліктер тарапынан аз наразылық туғызбаған болатын. 

Арада бір жыл өткенде сол наразылықтың орынды екендігіне көпшіліктің көзі жетті.  Шыршалар қазір түгелдей дерлік қурап қалды. Отырғызуға жұмсалған қанша бюджет қаржысы ысырап болды?! Шыршалар Жеңістің 75 жылдығы құрметіне Катонқарағайдан арнайы сыйлыққа жіберілген  болатын. Алайда бұл күндері қурап қалған шыршаларды көргенде, «жұмысты орындаушы кім?» деген сауалдың  көпшіліктің көкейінде болуы заңды. Рас-өтірігін кім білсін, бұл ағаштарды отырғызған қосымша мердігер де «Хазипов» ЖК дегенді естідік.

Рафаил Хазипов өзін Семейдің патриоты етіп көрсетеді. Егер шын мәнінде қалаға жаны ашитын азамат болса (қалалық мәслихаттың депутаты екендігі өз алдына), осындай келеңсіздіктерге жол берілмес пе  еді?

Сақалды құрылыстар қатарына кірген саябақ, Мәңгілік ел көшесінің бойындағы қурап қалған шыршалар, «Абай жолына»  сапасыз төселген тастарға сұрау бола ма?  Біз тапсырысты мезгілінен кешіктіріп, сапасыз атқарған мердігерлерді, ҚР «Мемлекеттік сатып алу  туралы» Заңының талаптарына сәйкес,  «жауапсыз орындаушы» тізіміне кіргізу  қажет деп есептейміз.

Орталық саябақ жаққа жалтақтаған халықтың таяу күндері ашылады деген үміті де үзіле бастады. Саябақтың тура ортасында  Шәкәрім  бабамыз  ысырап болған МИЛЛИАРДТАН астам  қаржы мен  жауапсыз мердігерлердің жұмысынан  түңіліп, бүгін-ертең қамаудан шыға алмайтынына күйініп отырғандай…

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары