Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданында іс-сапармен болып, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы мен сапасын тексеріп көрді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2016-2017 жылға өтпелі кезеңімен салынып жатқан Махамбет елді мекеніндегі М.Өтемісұлы атындағы 300 орындық, Ынталы елді мекеніндегі 300 орындық және Қаржан елді мекеніндегі 300 орындық білім нысандарының құрылысы мен «Болашақ» мөлтек ауданның инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымның құрылыстарымен танысты. Құрылысы жүргізіліп жатқан білім беру нысандарында мердігер мекемелермен техникалық қадағалаушыға, бекітілген өндірістік кестеге сәйкес сапалы және өз мерзімінде аяқтауды, қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, білім ошақтары ел игілігіне берілгеннен кейін 1231 балаға білім алу мүмкіндігі ашылмақ. Аталған білім беру нысандары мен «Болашақ» мөлтек ауданның инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысының жалпы құны 3005,4 млн. теңгені құрайды. Сондай-ақ, 2015-2016 жылдары 220,4 млн. теңгеге салынған 2 көпірдің аяқталған құрылысымен танысты.
Еске салайық, биыл Оңтүстік Қазақстан облысында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 жылда – 25 мектеп» атты құрылыс кампаниясы қолға алынған. Аты айтып тұрғандай, жыл соңына дейін өңірдің бірнеше елдімекенінде 25 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.