Бас прокуратура Денсаулық сақтау министрі болған Елжан Біртановқа қатысты санитарлық авиация бортында тасымалдауды бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізіліп жатқанын растады, деп хабарлайды azattyq-ruhy.kz.
«Қаржы мониторингі агенттігі санитарлық авиация тасымалын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді жалғастырып жатқанын хабарлаймыз», - делінген Бас прокуратураның Informburo.kz агенттігіне берген жауабында.
Ведомстводағылар тергеу мүддесіне сәйкес, басқа ақпарат жария етуге жатпайтынын жеткізді.
6 мамырда сот шешімімен экс-министр Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі 2021 жылдың 14 маусымына дейін ұзартылды. Судьяның мәлімдеуінше, күдікті Біртановқа қатысты үйқамақ мерзімін сегіз айға дейін ұзарту туралы өтініш ішінара қанағаттандырылған. Ал, экс-министр сотта сөз алып, өзіне әлі айып тағылмағанын, тергеу әлі жүріп жатқанын жеткізді.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың 3 қарашасында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынды.