24.05.2021, 19:36

Үш бөлмелі үйді жалға алу - 500 мың теңге: Түркістанда пәтер бағасы Нұр-Сұлтанмен бірдей

Фото: ашық дереккөз
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, 2019 жылдан бері қалада жалпы саны 137 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Түркістанда пәтер бағасы Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларымен бір деңгейге жетті. Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алып, құрылыс қарқыны күшейіп, түрлі инфрақұрылым бой көтергелі, қала ғана емес, қала маңындағы шағын аудан тұрғындарының өзі пәтерін бір күнге жалға беру құнын да айтарлықтай өсірген. Бүгінде қаладағы элиталы 3 бөлмелі пәтерді бір айға жалға беру құны – 500 мың теңге.

«Крыша» арқылы үш бөлмелі пәтерін 500 мың теңгеге жалға қойған қожайынмен Azattyq Rýhy тілшісі сөйлесіп, неліктен жалға беру құны қымбат екенін сұрап білді. Бірнеше пәтерін жалға беретін келіншектің айтуынша, Түркістан облыс орталығына айналғалы қаладағы пәтер бағасының құны бірден өскен.

«Түркістан облыс орталығына айналғалы, мұндағы баға Нұр-Сұлтан, Алматымен бірдей. Менің пәтерімде бүкіл жағдай жасалған, жиһаздары су жаңа, жақында ғана 5-6 млн теңгеге еуро жөндеуден өткіздім. Өзімнің тұрып жатқаныма бір ай болды. Қаладағы элиталы ауданда орналасқан. Ауласында кешкі 22:00-ден кейін ешкім шуламайды, тұрғын үй бақылау камерасымен жабдықталған. Балконға дейін жылытқыш орнатылған. 500 мың теңгенің ішіне коммуналдық қызмет те кіреді. Бүгін ғана «Семейденбіз» деп әскери кісілер хабарласты. Бағасына қарамай, келемін деушілер табылып жатыр. Тіпті, осы үш бөлмелі пәтерімді 30 миллион теңгеге сатуымды сұрағандар да бар. Бала-шағасыз келетіндер болса, бағасын сәл түсіруге болады», - деді қожайын.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, 2019 жылдан бері қалада жалпы саны 137 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

«Түркістан қаласында 2019 жылдан бері 5, 7, 9, 12 қабатты 137 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 89 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен салынса, 48 үй жеке меншік компаниялар есебінен салынуда. Алдағы уақытта 5, 9, 12 қабатты 40-қа жуық тұрғын үй құрылысын жеке және бюджет есебінен жүргізу жоспарлануда», - деп хабарланды қала әкімдігінің баспасөз қызметінен. 

Қазақстан біріккен риэлторлар ассоциациясының президенті Лариса Степаненконың айтуынша, мемлекет зейнетақы қорындағы ақшаны алуға рұқсат еткелі, нарықтағы баға құбылып, сатушылар нысандардың бастапқы бағасын өсіріп жіберген. 

«Алғашқы өтініштер қабылдана бастағанда ақ, сатушылар тарапынан бағаның өскенін бақылап отырдық. Риэлторлар қауымдастығы бұл мәселелерді назарға алып, сатушыларға ұсыныс нарығының бағасы сұраныстан жоғары болып кеткенін, сондай-ақ адамдардың зейнетақы жинағы жылжымайтын мүліктерді жаппай алуға жетпейтінін түсіндіруде. Бірақ сатушылар жылжымайтын мүлік бағасын өсіруін тоқтатар емес. Түркістан - облыс орталығы статусына ие болған соң, өңірге барушылар көбейіп, тиісінше нарықтағы сұранысты да өсірді. Оның үстіне ол жаққа туристер легі көп тартылуда. Сұраныс болған соң баға да өсіп отырады. Қателеспесем, ммелкеттік бағдарлама бойынша Түркістан қаласындағы пәтердің бір шаршы метрі 180 мың теңгені құрап отыр. Жекеменшік компаниялар болса, тұрғын үйдің сапасына, орналасқан ауданына, өздері жұмсаған шығындарға орай баға белгілейді», - деді ол.

Маманның бақылауынша, көбі зейнетақы жинағындағы қаржыны жылжымайтын жаңа мүлік сатып алуға емес, ипотекалық қарызын жабуға жұмсап жатыр.

«Екінші нарықтағы бір бөлмелі, екі бөлмелі пәтер бағасы (10-15%) өсті. Шаршы метрі ауқымды пәтерлер 5-7% қымбаттады. Себебі, қазақстандықтардың көпшілігі тұрғын үйді тек екінші нарықта сатып алу мүмкіндігіне ие. Жекеменшік үйлердің бағасы аса қатты өзгерген жоқ, негізінен келісімшарттар 50 млн теңгеге дейін жетеді. Бизнес және комфорт класстағы үйлер көп сұранысқа ие емес. Бастапқы нарықта бұрынғыдай шағын - бір және екі бөлмелі пәтерге сұраныстың артуы байқалады», - деді сарапшы.

Людмила Степаненко пандемия басталғалы коммерциялық жылжымайтын мүлік саласында да тоқырау барын айтты. 10 жыл бұрын сұранысқа мейрамхана, банкет залдары, ойын-сауық орталықтары ие болса, қазір шағын ғана қоғамдық тамақтану орындарына сұраныс көбейткен. Сарапшының болжамы бойынша, пәтер бағасы дәстүрлі түрде жаз мезгілінде арзандайтын көрінеді.

«Баға зейнетақы жинақтары бойынша операциялар толқыны аяқталғанға дейін екі ай бойы сақталады. Транзакциялардың көп бөлігі жасалған бойда, біз сұраныстың төмендей бастайтынын көреміз. Жазға қарай бағаның төмендеуі шамамен 10% құрайды деп күтілуде. Сонымен бірге қыркүйекте жылжымайтын мүлікке деген сұраныс қайтадан артып, бағалар шамамен 5%-ға қайтадан өседі. Бұл жағдай желтоқсан айына дейін жалғасады. Осыдан кейін бағалар тұрғын үй сатып алу үшін зейнетақы төлемдері бағдарламасы басталғанға дейінгі деңгейде қайта тұрақталады. Сонымен қатар, 2021 жылы жылжымайтын мүлік секторы эпидемиологиялық ахуалға және ұлттық валютаның айырбас бағамына тәуелді болады. Доллардың күрт өсуі ұсыныс нарығындағы бағаға әсер етеді» - деді Лариса Степаненко.

Еске салайық, 2020 жылдың қарашасында облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласы халқының саны қашан 500 мыңға жететінін айтты.