Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 64 мектеп пен 13 денсаулық сақтау нысаны салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында айтты. Министрдің айтуынша, биыл Жол картасының бірінші бағыты бойынша халықтың тұрмысын жақсартуға арналған 136 жоба іске асырылады. Жобалар шеңберінде 19 мың жұмыс орны, оның ішінде 7,5 мың тұрақты жұмыс орындары құрылмақ.
«Сондай-ақ, 64 жаңа мектептің, 13 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, суару кешенін және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Жобаларды іріктеу кезінде тұрақты жұмыс орындарын құруға және 3 ауысымды және апатты мектептерді азайтуға, денсаулық сақтау нысандарына, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға басты назар аударылды», - деді ведомство басшысы.
Серік Шәпкенов өз баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеңілдетілген шарттармен 6 пайызға дейінгі мөлшерлемемен микрокредит беру жалғасатынын да еске салды.