25.05.2021, 22:28

«Билікте 15-20 жыл отыруға мүлдем болмайды» – Олжас Сүлейменов

Фото: ашық дереккөзі
"Билікке жастар келсе жақсы болар еді", – деді Сүлейменов.

Билікте 30-40 жыл отыруға болмайды, деп санайды белгілі қазақстандық ақын, саясаткер және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов.

«Билік ауысуы керек. Билікте 30-40 жыл отыруға болмайды. Бұл туралы бәрі айтып жүр, бәрі солай ойлайды. Демократиялық әлемде қалыптасқан стандарттар бар. Мысалы, бес жылға немесе екі мерзім туралы айтсақ, он жылға сайлауға болады. Бірақ 15 жылға болмайды. 20 жылға мүлде болмайды. Ал 30 жыл? 40 жыл? Билікке жастар келсе жақсы болар еді», – деді Сүлейменов «Азаттық радиосына» берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол 2010 жылы неге Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту бастамасын қолдадыңыз деген сұраққа жауап берді.

«2010 жылы не болғаны есімде жоқ, бірақ мән-мағынасыз тартыс пен қатаң билікті сақтап қалудың бірін таңдау керек болды. Мен ол кезде билікті сақтап қалуды қолдап, дауыс бердім», – деді ақын.

Сондай-ақ, ол 2019 жылы көктемде Назарбаевтың отставкасынан кейін жарияланған президент сайлауы «бәсекесіз өтеді» деп, «Сайлау бар, бірақ таңдау жоқ» деген пікір айтқанын да мойындады.

«Назарбаев орнына өзі көп жылдан бері танитын, бірге жұмыс істеген, жақсы білетін адамын қалдырды. Назарбаев оның (Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың – ред.) өз бетінше әрекет етпейтінін білді. Назарбаевқа шектен тыс тәуелсіз адам керек емес. Президент мемлекет басшысына көмектесуі керек. Бізде әлемде жоқ қызық жағдай қалыптасқан. Бүкіл әлем президентті немесе премьер-министрді мемлекет басшысы деп атайды. Бірақ бір елде президент те, мемлекет басшысы да болатынын естіген емеспін», – деді қоғам қайраткері.

«Әрине, бұл жағынан Қазақстан жалғыз еместігін» атап өтті ол.

«Өмір бойына президент болу үрдісі Тәжікстан мен Түркіменстанда да бар. Мұндай басқару формасы туралы басқалар да армандайтын болуы керек. Ресей де осы үлгіні қайталады, Путин өмірлік президент болуға ұмтылып жатыр», – деді Сүлейменов.

Kznews