27.05.2021, 20:21

Түркістан облысында жоғалған 7 адамның алтауы - Назарбаев университетінің студенттері

фото: otyrar.kz
21 мамырда туристер «Сары-Айғыр» шатқалына жаяу бет алып, содан бері қайта оралмаған. Түркістан облысында жоғалған 7 адамның алтауы - Назарбаев университетінің студенттері.

Түркістан облысының құтқарушылары Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жоғалған 7 адамды іздестіріп жатыр. 21 мамырда туристер «Сары-Айғыр» шатқалына жаяу бет алып, содан бері қайта оралмаған. Жалпы, олар 24 мамырда үйіне оралуы керек болған.

Қазір облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жоғалған жетеуді іздестіріп жатыр. Іздестіру жұмыстары үшін арнайы үш топ құрылып, оның құрамына 25 ТЖД қызметкері мен жоғалған азаматтардың туыстары кірді.

Otyrar.kz сайтының хабарлауынша, Түркістан облысында жоғалған жеті адамның алтауы - Назарбаев университетінің 4 курс студенттері. Тағы бірі - Кентау лицейінің түлегі.

Екі жігіт - Ақтөбе, үшеуі - Атырау, қалғаны Орал және Жезқазған қалаларынан. Құтқарушылар тауға кеткен жеті азаматты үш күннен бері іздестіріп жатыр. 21 мамыр таңғы сағат 8-де олар саябақтың бақылау-өткізу пунктінде тіркеуден өткен.

Облыстық ТЖД азаматтық қорғау басқармасының бастығы Қанат Қарабалаевтың айтуынша, бүгін сағат 12:00-ден бастап тікұшақпен іздеу жұмыстары жүргізіледі.

azattyq-ruhy.kz