Түркістан облысының тауларында жоғалған екі туристің денесі табылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«29 мамыр күні сағат 00:30-да іздестіру жұмыстарының барысында Өгем өзенінен бір адамның денесі табылды. Ол 1999 жылы туған, тауда жоғалып кеткен туристер тобының бірі екені анықталды. Екінші жігіттің денесі бүгін Өгем өзенінен 3 шақырым жерден табылды», - деді Талғат Уәли.
Жігіттердің денесі «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-171 тікұшағымен Шымкент қаласына жөнелтілді.
«Қалған екі адамды іздестіру жұмыстары жалғасуда. Жердегі іздестіруді құтқарушылар, полиция қызметкерлері, шекара қызметінің ат патрулі, ұлттық парк қызметкерлері және жоғалғандардың туыстары жүргізуде. Сондай-ақ, әуеден іздеу үшін ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ екі борты жұмыс істеп жатыр», - деді Т. Уәли.
Аталған факт бойынша Түркістан облысының полиция департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша өлімнің себебі анықталатын болады.
Еске салайық, Төлеби ауданының Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалғаны туралы хабарлама 2021 жылғы 25 мамырда 18 сағат 30 минутта келіп түсті. Олардың үшеуі кеше табылған болатын. 21 мамырда туристер жаяу «Сары-айғыр» шатқалына бет алған және 24 мамырда қайту қажет болған. Алайда қайтар жолда адасып кеткен.