Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен онлайн брифингте Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Ғани Шымырбаев айтты деп жазды baq.kz. Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігінің бастамасымен өткен жылдың қыркүйек айынан осы жылдың мамыр айына дейін үкіметтік емес ұйымдар, оның ішінде Адам құқықтарының заңдылығын сақтау туралы халықаралық бюромен бірлесіп азаматтығы жоқ адамдарды анықтау және оларды құжаттандыру жұмысы жүргізілді.
Еліміз тәуелсіздік алғалы отыз жыл өтсе де мемлекет аумағында азаматтығы жоқ, мәртебесі анықталмаған жандар көптеп кездеседі. Құжаты жоқ, мәртебесі анықталмаған адамдардың көбі зейнетақы, әлеуметтік төлемдер сияқты көмектен тыс қалып жатыр. Сондықтан мұндай адамдарды анықтап, құжттарын рәсімдеу процесі жүзеге асырылды, - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, құжаттарды заңдастыру комиссиясы 5 маусымға дейін жұмыс істейді. Сондықтан ел аумағында құжатсыз жүрген азаматтар, оның ішінде шетелдік азаматтар жергілікті көші-қон басқармасына жүгініп, құжаттарын заңдастырулары қажет. Бұл мерзімнен кейін құжатсыз жүрген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, - деді ол.
Бірнеше айға созылған шара барысында құжатсыз немесе КСРО үлгісіндегі паспортпен жүрген 4 686 азамат анықталды. Оның 600-ге жуығы Алматы, 500-ден астамы Қарағанды, 420-дан астам Түркістан, 326-сы Ақмола, 350 азамат Жамбыл облыстарында анықталды.
Бұл азаматтардың 3 408-інің құжаттары реттелді. 1 278-іне азаматтық рәсімделуде. Құжатсыз азаматтарды анықтау шарасы мамыр айында аяқталғанымен бұл процесс үздіксіз жүргізіліп отырады, - деді Ғани Шымырбаев.