Биыл республикалық маңызы бар 5,8 мың шақырымға жуық автожол учаскелерінде ақылы жүйе енгізу жоспарланған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жеңіл көліктер тек І-техникалық санаттағы автожолдарда төлем жасайды, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Бірақ соңғы күндері Қазақстанның бірнеше қалаларында жүк көліктерінің жүргізушілері ақылы жолға қарсы наразылыққа шыға бастады.
30-мамырда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-ның Басқарма төрағасы Асқар Мұратұлы, Атамекен ҰКП мен Kazlogistics ҚКО өкілдері алыс сапарға жүк тасымалдаушы жүргізушілермен кездесті.
Кездесу барысында инфрақұрылымды дамытудың "Нұрлы Жол" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында автожолдарда ақылы жүйені енгізу мәселесі талқыланды. Жүргізушілер өздерінің ұсыныстарын жеткізіп, ақылы жүйені енгізуге байланысты пікірлерімен бөлісті. Жауапты министрлік пен "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ бір апталық мерзімде барлық белсенділік танытқан азаматтардың ұсыныстарын қоғамдық ассоциациялар арқылы қабылдауға дайын екенін жеткізді. Ассоциациялар барлық ұсыныстарды жинағаннан кейін ақылы жүйені енгізу мерзімі мен төлем мөлшерлемесі туралы Бұйрықтардың жобасы қарастырылады.