Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылдық округінің тұрғыны Миллионер Қажыкенұлы медицина қызметкерлеріне апта сайын 10 литр қымыз тегін тарату науқанын қолға алған деп хабарлайды Қазақпарат.
Ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық сусынның адам ағзасына тигізер пайдасы зор. Миллионер Қажыкенұлы әлемді жайлаған пандемияны тоқтатудың бірден-бір жолы - әр адамның денсаулығын жақсартып, иммунитетін көтеру екенін жеткізді. Сондықтан дертке дауа, жанға шипа болатын емдік сусынды ауруханаларға тегін таратудың медицина саласы қызметкерлерінің денсаулығын сақтап қалуда пайдасы зор, дейді ол.
"Алдағы уақытта қымызбен бірге шұбат сусынын да медицина қызметкерлеріне тегін үлестіруге қолғабыс жасалады. Сауабы мол игілікті шара мұнымен шектелмек емес. Сусынды ауылымыздың ерікті жастары мен белсенді азаматтары емханаларға, жедел жәрдем қызметкерлеріне тегін жеткізіп береді. Өзге де ауыл азаматтарын қайырымдылық акциясына атсалысуға шақырамыз", – дейді округ әкімі Жаннұр Әбішев.