04.06.2021, 13:00

Қазақстанда ескі банкноттарды айырбастауға қатысты жаңа ереже енгізілді

Фото: ашық дерекөз
Ұлттық Банк 2006 жылдан бастап және одан кейін шыққан банкноттарды айырбастау үшін шексіз мерзім енгізу туралы шешім қабылдады.

Жаңа банкнот шыққан жағдайда, 12 ай ішінде ескі банкнот қатар қолданыста жүреді. Басқаша айтсақ, ескі банкнот та, жаңа банкнот та заңды төлем құралы болады және оларды бір жыл бойы барлық төлем түрі бойынша қабылдауға міндетті.

Қандай да бір банкнот айналымнан шыққаннан кейін оны 3 жыл мерзім ішінде Ұлттық Банктің филиалдарынан да, екінші деңгейлі банктердің бөлімшелерінен де, "Қазпошта" АҚ кеңселерінен де айырбастап алуға болады.

Егер сіз белгілі бір себептерге байланысты айналымнан шыққан банкноттарды 3 жыл ішінде ЕДБ пен "Қазпошта" АҚ кеңселерінде айырбастай алмай қалсаңыз, онда Ұлттық Банктің филиалдары оларды мерзім бойынша шектеусіз қабылдайды.

Жаңашылдықтар 2021 жылдың 12 маусымынан бастап күшіне енеді.