Алымқадыр Бейшеналиев ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен және Қазақстанның Қырғызстандағы елшісімен сөйлескенін мәлім етті.
"Қазақстан гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Олар Ресеймен бірге вакцина шығарады. 500 мың доза сұрадық, кем дегенде 100 мың доза беріледі деп үміттенеміз", – деді Бейшеналиев.
Оның пікірінше, препаратты Қазақстаннан тасымалдауда қиындықтар туындамайды.
"Препаратты тасымалдау үшін ұшақты іздеудің қажеті жоқ. Рефрижераторлар болса жеткілікті", – деді министр.
4 маусымдағы мәліметтер бойынша, Қырғызстанда 86 мыңнан астам адам вакцина салдырған, оның ішінде екінші дозаны алғандар саны – 40,2 мың. Бішкектегі бірінші компонент таусылған, республиканың өзге өңірлерінде де бітуге жақын.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда вакцинаның 4 түрі бар. Бұл ресейлік "Спутник V", қазақстандық "QazVac", қытайлық технологиямен өндірілген Араб вакцинасы "Hayat-Vax" және Қытайдың "CoronaVac" вакцинасы.