$ 446.49  475.38  4.79

Павлодарда түнгі клубқа барған жігіт жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты

Ата-анасы куәгерлердің сөзіне сенбейді

Павлодарда түнгі барға өз аяғымен барған 24 жастағы жігіт жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Қазір ауруханада ес-түссіз жатыр. Оқиға куәгерлері оның сатыдан секіріп кетіп, жарақат алғанын айтқан. Алайда, жігіттің туыстары бұл нұсқамен келіспейтінін айтты деп хабарлайды «Астана» телеарнасы. Олардың айтуынша, оны әлдекімдер ұрып, есінен тандырған болуы мүмкін. Өйткені, үлкен жігіттің сатыдан секіруі мүмкін емес деп отыр.

24 жастағы Әлішер Советхан оқиға болған күні түнгі барға қайын-жұртының шақыруымен барыпты. Оған әйелінің туыстары баласының туған күнін тойлап жатқанын айтқан. Алайда, арада 3 сағат өткен соң, ол ауруханадан бір-ақ шыққан. Осы аралықта оған нақты не болғанын ешкім білмейді. Тек түнгі бардың әкімшісі мен күзетшісі оның сатыдан секіріп кетіп, жарақат алғанын жеткізіпті. Ал қайын-жұрты оның қалай құлағанын көрмегенін айтқан. Бірақ, туыстары құлады дегенге сенбейміз деп отыр.

«Ұлым ауруханаға түскеннен кейін 1 сағаттан соң, "мені ұрмаңдаршы, өтінем» деп есін жия алмай сөйлеп жатты. Кейде әйелін дауыстап шақырды. Сондықтан, біз оның сатыдан өзі құлап кетті деген сөзіне сенбейміз. Өйткені, денесінің сол жағы көкала қойдай. Яғни, біреу ұрып-соққан болуы керек. Әйтпесе, құлап кеткен адам ондай жарақат алуы мүмкін емес», - дейді Әлішердің әкесі Марат Жұмаділов.

Әлішердің әкесі оқиға болған барға барған. Алайда, ол жерден ешқандай дәлел таппағанын айтады. Тіпті, барда бейнебақылау камерасының жоқтығына да күмәнданып отыр. Ұлының ауруханада ес-түссіз жатқанына бір апта болған. Дәрігерлер жағдайының тым ауыр екенін айтты.

«Советхан Әлішер ауруханаға таңғы 4.20-да түсті.  Жағдайы өте ауыр болды. Бас сүйегі сынып, миы шайқалған. Омыртқа сүйектеріне де зақым келген. Өте ауыр жарақат алған. Сондықтан, бірден жансақтау бөліміне жатқыздық. Тыныс алу аппаратымен демалып жатыр. Қазір де жағдайы сол қалпы, өте ауыр», - дейді Павлодар қалалық №1 ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Олег Горбузенко.

Аталған іске байланысты  полиция денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша іс қозғады.

«Аталған фактіге сәйкес ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталды. Сот-медициналық сараптама жасалынды. Оқиғаның себебі тергеу барысында анықталатын болады», - деді Павлодар облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанна Біләлова.

Бардың өкілдерімен хабарласу мүмкін болмады. Оқиға орнында тексеру жүріп жатқандықтан, уақытша қызметін тоқтатыпты. Ал әкесі Әлішерді үйінде  әйелі мен 2 жастағы баласы асыға күтіп жүргенін айтты. Туыстары баласын өлімші етіп сабаған кінәлі жазадан сытылып кете ме деп қорқатындарын жасырмайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары