$ 448.89  477.93  4.76

«Гектарлап бөлісіп алған»: жамбылдық шенеуніктердің жерді оңды-солды мақсатсыз үлестіргені анықталды

673 мың гектар жайылымдық жер латифундистерге өтіп кеткен.
фото: azattyq-ruhy.kz
фото: azattyq-ruhy.kz

Жамбыл облысында ауыл әкімдері жайылымдық жерді мақсатсыз таратқан. Тіпті, қорасында бірде-бір малы жоқ адамдар да ебін тауып, мыңдаған гектар жерге иелік етіп келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy .

Есесіне, ауыл адамдары қорасында аз ғана малын бағатын жер таппай келеді. Облыс прокурорларының ақпаратынша, өңірде 34 миллион гектардан астам жайылымдық жер бар. Алайда, оның бәрі мақсатты түрде қолданылмай отыр. Жамбыл облысындағы пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді анықтап ревизия жүргізу, мемлекет қорына қайтару жолдарын көтерген облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы көтеру. Оның сөзінше, жер қорының 32 пайызы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Әлгі 34 миллион гектар жердің ішінде қараусыз қалғандары көп. Прокуратура тарапынан жүргізілген тексеріс барысында Байзақ ауданындағы «Тұрсынбай» шаруа қожалығы 15 гектар жайылымдық жерді босқа ұстап отырғаны белгілі болған. Жайылымдық жерге қатысты заң бұзушылыққа Шу ауданында да жол берілген.

«Облыс бойынша 673 мың гектар жайылым жер 157 латифундистердің меншігінде. Бұл анықталған жерлер негізінен Қордай, Шу, Мойынқұм жəне Талас аудандарында орналасқан. Сондай-ақ, ревизия барысында кейбір ауыл әкімдері бірде-бір малы жоқ адамдарға жайылымдарды мақсатсыз үлестіргені анықталған. Сонымен қатар, жер иесі қайтыс болып кеткен азаматтардың жайылымдық жерлері қайта рəсімделмеген болып шықты. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мен жайылымдық жерлерді мемлекет қорына қайтаруды жолға қою үшін облыс әкімдігі қасынан арнайы жұмыс тобын құру керек», - деді прокурор.

Облыс əкімі Бердібек Сапарбаевтың қараусыз қалған үш мыңнан астам жайылымдық жерді мемлекетке қайтарып қана қоймай, оларды қайта айналымға қосу мәселесін көтерді. Бүгінгі күнге дейін прокурорлар 263 гектар жерді ғана мемлекет қорына қайтарған. Жиында жерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Əбілхайыр Тамабек пен жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов баяндама жасады. Бей-берекет, мақсатсыз таратылған жерлер Шу, Талас, Жамбыл, Қордай, Жуалы аудандарында да анықталған.

«Мәселен, Талас ауданында 2013 жылы дүниеден өтіп кеткен Қамысбаевтың атында 234 гектар жайылым жер тіркелген. Бірақ ол жер əлі күнге дейін ешкімнің атына рәсімделмеген. Оны біреу пайдаланып келеді. Ол жер неге мемлекет қорына қайтарылмаған. Сондай-ақ, «Шəушенова» шаруа қожалығының еншісінде 6600 гектар жайылымдық жер бар, ал қожалықтың иелігінде бірде-бір мал жоқ. Осындай мысал көп. Бұған кім жауап береді?» – деген облыс басшысы Талас, Шу мен Қордай аудандарындағы ауылдық округ әкімдерін қыспаққа алды.

Сапарбаевтың сөзінше, ауыл әкімдері өз округіне қарасты елдімекенде шаруа қожалықтардағы малдың барын немесе жоғын білмейді. Бірде-бір малы жоқ адамға жүздеген гектар жайылымдық жерді рәсімдеп бере берген. Аудан мен ауыл әкімдерінің ешқайсысы мәселеге мандытып нақты жауап бере алмады.

«Тексеру қорытындысы кейбір аудандарда пайдаланылмай жатқан жайылым жердің көптігін анықтады. Соның ішінде Шу ауданы да бар. Бұдан бөлек, Талас ауданында – 108, Жамбылда – 58, Қордайда – 20 мың гектар жайылымдық жер пайдаланылмай жатқаны белгілі болды. Сондай-ақ, осы және басқа аудандарда жүзге жуық жайылымға иелік етіп келген жер иелері қайтыс болып кеткен. Ол жайылымдық жерлер не туыстарына, не сол отбасы мүшелерінің біріне рәсімделмей, жылдап қалып келеді. Бұл бойынша аудан әкімдері не жұмыс істеп жатыр?» - деді Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров.

«Бір малы жоқ болса да адамдарға жүздеген гектар жерді қалай рәсімдеп жүрсіңдер? Ұят деген болу керек қой... Ревизия жүргізіп, игерілмей жатқан жайылым жерлерін мемлекет қорына тапсыру керек. Біз ревизияны жайдан-жай жүргізіліп отырған жоқпыз. Бұл мемлекет басшысының тапсырмасы. Кемшіліктер орнына келтірілуі керек. Ең негізгісі, біз барлық жерді нақтылауға тиіспіз. Бір гектар болса да мемлекет қорына қайтарылып, ел игілігіне берілуі тиіс. Сөйтіп ауыл жанындағы жайылымды кеңейтіп, халықтың мал ұстауына, мал басын көбейтуіне жағдай жасауға міндеттіміз. Сондықтан аудан əкімдері мен ауыл əкімдері жұмыс істеуі керек. Жұмыс тобының қызметін жандандырып, тез арада пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет қорына қайтару қажет», - деді Бердібек Сапарбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары