Қазақстандықтар осымен екінші жыл қатарынан қажылыққа бара алмайды. Пандемияның тоқтамауына байланысты Сауд Арабия билігі тек корольдікте тұратын мұсылмандарға ғана қажылық жасауға рұқсат етті. Биыл Сауд Арабиясында тұратын 60 мың мұсылман ғана қажылық жасай алады, деп хабарлайды РИА Новости корольдіктің қажылық және умра істері министрлігінің өкіліне сілтеме жасап.
"Қажылық және умра министрлігі биыл, мұсылман күнтізбесі бойынша 1442 жылы қажылыққа баратын адамдардың саны шектеулі болатынын жариялады. Тек корольдікте тұратын 60 мың адамға ғана рұқсат етіледі", - делінген хабарламада.
Ел билігі шектеу енгізуге күрделі эпидемиологиялық жағдай мен коронавирустың таралуы себеп болып отыр деді.
Былтыр шектеу шаралары бұдан да қатаң болған еді. Ол кезде шет елдердің мұсылмандарына қажылыққа баруға рұқсат етілген жоқ. Қажылық жасау мүмкіндігі тек Сауд Арабияның он мың тұрғынына бұйырды. Биыл қажылық 17 мен 22 шілде аралығында жасалады.
Еске салсақ, бұған дейін COVID-19-ға қарсы Pfizer-BioNTech, AstraZeneca, Johnson & Johnson және Moderna вакциналарын салдырған шетелдік мұсылмандарға қажылық жасауға рұқсат етілетіні хабарланған еді.