Бүгін, 14 маусымда сағат 07.00-де Алматы қаласы Алатау ауданында жүргізуші, полиция қызметкері Т.есімді азамат Hyundai Elantra маркалы қызметтік көлігін басқарып, Өтемісұлы көшесімен оңтүстік бағытта жүріп келе жатқан.
Кенет маневр жасай бастаған көлікпен соқтығыспас үшін Т.есімді полицей автокөлік жуу орнының шығыс жағына қарай шығып кетіп, сол жерде жаяу жүргіншіні - С.есімді азаматты қағып кетті, сондай-ақ, жүргізушісі көлігінен тыс жерде тұрған «Газель» автокөлігін соққан. Көлік қаққан әйел мерт болды.
Әлеуметтік желіде жол апатына себепкер болған полицей Бақтияр Төлеутайұлының бұл жағдайға қатысты жауап беріп, өзінің толық кінәлі екенін мойындаған видеосы тарады.
«Мен Төлеутай Бақытжан Қайыржанұлы, Алматы қаласы Алатау ауданында полиция қызметінде жұмыс істеймін. Бүгін Өтемісұлы көшесімен оңтүстік бағытқа қарай кетіп бара жатқанымда алдымнан автокөлік солға қарай бұрылмақшы болып, мен одан қашып, жол-көлік оқиғасын болдырмас үшін сол жаққа қарай - автожуу жаққа қарай бұрылып кеттім. Сол кезде байқаусызда әйел адамды қағып кеттім. Кінәмді толық мойындаймын. Ол кісінің отбасына шын көңілден қайғырып көңіл айтамын», - деді ол.
Аталған факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 345-бабы, 3-бөлімі бойынша тіркелді. Қылмыстық істі Алматы қалалық ПД анықтау басқармасы жүргізуде.