$ 494.87  520.65  4.91

Екінші сынып оқулығында масленница неғып жүр?

Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясының фракция мүшесі Мақпал Тәжмағамбетова 1-5 сыныптарға арналған ағылшын тілі оқулығындағы бірқатар мәселелерді көтерді.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясының фракция мүшесі Мақпал Тәжмағамбетова 1-5 сыныптарға арналған ағылшын тілі оқулығындағы бірқатар мәселелерді көтерді, – деп хабарлайды zakon.kz.

Депутат атап өткендей, ағылшын тілін оқытуға арналған оқулықтарға ҚР Білім және Ғылым министрлігі тарапынан оң сараптама берілген. Бұл оқулықтар Jenny Dooley, Virginia Evans-тың авторлығымен «Экспресс Паблишин» баспасынан басылып шыққан. Сыртқы мұқабасында аударылған деп жазылғанмен, аударма емес. 2016 жылдан бері осы баспаның Қазақстандағы ресми өкілі «EDU Stream» халықаралық білім беру компаниясының басшысы Наталья Мұхамеджанованың жетекшілігімен шығып отырған. Өзгешелігі – Қазақстан балаларының суреттерін пайдаланып тақырыпты ашуға тырысқан.

Кітаптың өне-бойынан қазақтың ұлттық ұғымына, дәстүрлі тәрбиесіне келмейтін, шет елдің идеологиясын насихаттайтын иллюстрациялар мен мәтіндерді көптеп кездестіруге болады. Оқушылардың патриоттық сезіміне селкеу түсіретін тұстар менмұндалап тұр. Атап айтқанда, екі-үш мемлекеттің туымен, сол елдерге тән ерекшеліктермен қойылған суреттерде Қазақстан туы үнемі төменгі жағына орналастырылған. Oқулықта өз еліміздің рәміздері неге жоғарыда тұрмайды?

Ал, енді мынаны қараңыз. Екінші сыныпқа арналған оқулықта ұлттық дәстүрдің қатарына пасха мен масленницаны енгізіпті. Мұны әрине, қазақстандық мерекелер деп көрсетсе түсінуге болады. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары деп жазылған тақырыпта шілдехана мен баланы қырқынан шығару сияқты салт-дәстүрдің жанында діни мерекелер неге жүр?

5 сыныпқа арналған кітапта елде жоқ аңызды ойдан құрап, екі алып баланың оқиғасын баяндайды. Ағасы мен інісі жайлы әңгімеде ағасы тастан көпір соғам деп еңбектенеді. Ал, інісі екі жіпті ағашқа байлап алып ән айтып жүреді-міс. Ағасы неге маған көмектеспейсің деп ашуланып, інісінің қолындағы әлгі ағашты тасқа ұрып шағып тастайды дейді. Осыдан бастап інісі әнді қойып кеткен екен. Уақыт өте келе таста қалған ізді байқаған бір халық бұл музыкалық аспап екенін анықтайды. Домбыра содан шыққан деп түсіндіреді. Бұл аңызды естігендеріңіз бар ма? Жасалу уақыты 2 мың жылдан ары Кетбұға шерткен «Ақсақ құланнан» бастап, Құрманғазы, Дәулеткерей салған күй дәстүрі бүгінде ғаламшарды аралап жүр. Халқымыз қашанда домбыраны үкілеп төріне ілген. Бұдан арғысын сөз қылудың қажеті шамалы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында білім беру саласындағы реформаларға тоқталып: «Біздегі оқулықтардың деңгейі төмен. Кітапты әзірлеген азаматтардың жауапкершілігін заңнамалық тұрғыда реттеу керек. Сапасыз оқулық дайындағаны үшін, жауапқа тартылсын. Басқаша болмайды», деген еді.

Оқу бағдарламасында осындай өрескел қателіктер жіберген оқулықтарға қатысты келесіні ұсынамын.

Біріншіден, Білім және Ғылым министрлігі білім бағдарламасына енгізген аталмыш ағылшын тілі оқулықтарын қайта сараптап, жіберілген өрескел қателіктерге жауапкершілікті күшейтуді сұраймыз.

Екіншіден, оқулық әзірлеу оған сараптама жүргізу қағидаттарын жіті қарап, нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын білім және тәрбие компоненттерінің тұтастығы аясында күшейту қажет.

Үшіншіден, оқулық құрастыруда басшылыққа алатын Үлгілік оқу бағдарламасына сараптама жасалып, бағдарлама әзірлеуші топтың құрамын қайта қарау керек. Сараптамалық комиисия құрамына тек ағылшын тілі мұғалімдері емес, балалар психологынан бастап, суретші педагог, этнограф, иллюстратор, қазақ тілі мамандары, әдебиетшілер тағы да басқа мамандарды енгізу қажет.

Төртіншіден, оқулықты басып шығаруда шетелдік емес, өз отандық баспаларымызды қарастыру қажет.

Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру кезеңінде мұндай оқулықтар Қазақстанның болашағына жауап беретін, өз Отанын қадірлейтін ұрпақты тәрбиелеу үшін өте маңызды.

Осы аталған ұсыныстарды қарап, заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап беруіңізді сұраймын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары