Павлодар облысындағы Қожамжар ауылында бір үйдің екі қойы танауына кірген масадан тұншығып өлген. Тұрғындардың сөзінше, шыбын-шіркей кесірінен мал тұрмақ адамдар да көшеге шығудан қалып отыр.
Мәселен, жергілікті тұрғын Мұрат Әбдумәліков бағып отырған тоқтысының өліп қалғанын таңертең көріпті. Ол кешкісін өрістен сау келген түліктің аурудан өлмегеніне сенімді. Өйткені, маса мен шіркейге шыдамаған марқа да, қорадағы иттер де түнімен тыным таппаған. Тұрғындар табиғаттың «тосын сыйына» дер кезінде дезинсекциялау жұмысын жүргізбеген әкімдікті кінәлап отыр.
Azattyq Rýhy тілшісі Павлодар облысы әкімдігіне хабарласып, жер қойнауын пайдалану басқарма басшысы Қадылжан Сатиевтен масаларды дезинсекциялау жұмыстарының қалай жүріп жатқанын біліп, өңірде жәндіктердің күрт көбейіп кету себебін сұрады.
МАСАНЫҢ КӨБЕЮІНЕ ӘСЕР ЕТКЕН ФАКТОРЛАР
- Биыл табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу әдеттегіден 11 күнге кеш басталуына байланысты және бір апта ішінде 38 градусқа дейін жеткен жоғары температуралық режимнің салдарынан шыбын-шіркейдің дернәсілдерінің жаппай көбейуі болған. Павлодар қаласының аумағы бойынша, жұмыс тиімділігі синхронды болмауынан төмендегенін атап өткім келеді, өйткені, қала аумағында дезинсекциялық жұмыстар мердігер ұйымның анықталмауына байланысты жүргізілген жоқ. Осыған байланысты, жер қойнауын пайдалану басқармасының қарамағына қала аумағы бойынша қызметтерді шоғырландыру туралы шешім қабылданды. Осылайша, 28 мамырдан бастап қала аумағын өңдеу жұмыстары басталды, бұл саябақтар, Павлодар ауылы, Жанауылы, Кенжекөл ауылы. Қала және аудан аумақтары бойынша, әкімдіктерге жүргізіліп жатқан тосқауылды өңдеу жұмыстарын қатаң бақылауға алып, дұрыс тосқауыл қою қажет.
АҚТОҒАЙ АУДАНЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ
- Ақтоғай ауданына тоқтала кетсем, Қожамжар ауылдық округ әкімінің ақпараты бойынша, ұсақ қара малдың шыбын-шіркейден өлу фактісі тіркелмеген. Малдары масаға тұншығып өлді деген шаруалардың жағдайын терең зерттеу қажет, яғни мал өлімінің себебін анықтап, тиісті іс-шаралар қабылданатын болады.
Бұдан басқа, шыбын-шіркейлерге қарсы дезинсекциялық өңдеу жүргізу үшін «Organic Food» ЖШС-мен 288,0 мың теңге сомасына шарт жасалды. Өңдеу «Аверфос» химиялық препаратымен жүргізіледі. Ағымдағы жылдың 27 мамыры мен 2,4,13,15 маусымында Ақтоғай, Мүткенов, Приреченск, Жоламан ауылдарында шыбын-шіркейге қарсы дезинсекциялық жұмыстар жүргізілді. Өңдеу елді мекендер шегінде, атап айтқанда мектептер, балабақшалар мен саябақтар аумағында жүзеге асырылады.
ОБЛЫСТАҒЫ МАСАЛАРДЫ ДЕЗИНЕКЦИЯЛАУ ЖҰМЫСЫ
Ертіс өзенінің жайылмасы бойынша дезинсекциялық жұмыстар үш тәсілмен жүргізіледі: өзенді өңдеу, Ертіс өзені арнасының ұзындығы 1 130,6 км, бұл мотоқайықтар мен баржалардың көмегімен.
Осы жылдың 10 сәуірінен бастап ғылыми топпен жайылма аумағында шыбын-шіркейдің дамуына фенологиялық бақылау басталды.
ӨЗЕНДІ ӨҢДЕУ
- Ғылыми сүймелдеменің берген ұсыныстарына сәйкес, 01-03 мамырда Ертіс өзеніне және жылы ағыстан бастап Байдалы мен Мичурино ауылына дейін қыстап шыққан шіркейдің (Wilhelmia equina) дернәсілдеріне қарсы бактицид биологиялық препаратын ағызу жүзеге асырылды.
24-28 мамыр аралығында Ертіс өзенінің негізгі арнасы бойынша бірінші тур өткізілді.
5-6 маусымда Ертіс өзенінің бактериялық препаратпен өңдеудің 2-туры жүргізілді.
ТОСҚАУЫЛДЫ ЖӘНЕ АВИА ӨҢДЕУ
Тосқауылды өңдеу, бұл ыстық тұман генераторларының көмегімен орындалатын қолмен өңдеу тәсілі. 6 мамырдан бастап күн сайын барьерлік өңдеу жүргізіледі (аспалы бүріккіштердің, ыстық тұман генераторларының көмегімен қолмен өңдеу).
Авиаөңдеу, жалпы ауданы 27,0 мың га 21 авиа алаңға бөлінген, өңдеу АН–2 ұшағының 2 бортымен жүргізу қарастырылған. 15 мамырдан бастап Ертіс өзенінің жайылмасын (авиа өріс) биологиялық - 13 340 кг және химиялық - 570 литр препараттарды қолдана отырып, әуе көлігімен өңдеу өткізілді.
ОБЛЫС БЮДЖЕТІНЕН ЖӘНДІКТЕРГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСКЕ 602 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БӨЛІНГЕН
- Бөлінген қаражат бойынша, әзірше төлемдер жүргізілмеді. Мердігер ұйымға дезинсекциялық жұмыстардың тиміділігі 80%-дан асқан жағдайда төлемдер жүргізіледі, яғни қазір Павлодар қаласының ауылдық аумақтарындағы (Павлодар ауылы, Жанауылы, Кенжекөл ауылы) жағдайды тұрақты қалыпқа жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы дезинсекциялық жұмыстар облыстың барлық өңірлерінде жүргізілуде. Жалпы өңдеу ауданы – 14 491,9 га, 2021 жылға қала және аудан әкімдіктерінің бюджеттерінен жалпы сомасы 74,5 млн теңгеге қаражат қарастырылған.
Бүгінде барлық 10 аудан мен Ақсу қаласы бойынша мердігер ұйымдар дезинсекциялық жұмыстар жүргізуде. Қалған 2 қала бойынша жұмыстарды жүргізуге шарт жасалмаған.
ДЕЗИНСЕКЦИЯ ЖҰМЫСТАРЫНА ЖАРИЯЛАНҒАН КОНКУРСТАР
Павлодар қаласы – 23 сәуірде қайта конкурс жариялаған (3 рет). Бірақ, байқау қорытындысы Ішкі мемлекеттік аудит департаментімен болдырылмаған. Павлодар қаласы әкімінің (2021 жылғы 27 мамырдағы №3-04/95) хаты негізінде ағымдағы жылғы дезинсекциялық жұмыстардың көлемі «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасына берілді. Ғылыми сүйемелдеу бойынша «Баракуда» ЖШС-мен шарт жасалған.
Екібастұз қаласы – 7 маусым қайта конкурс жарияланған (3 рет), конкурс маусымның 18 дейін алдын ала мердігерлердің құжаттамаларын қарастыру сатысында. Ғылыми сүйемелдеу бойынша «Дезофарм-Эк» ЖШС-мен шарт жасалған.