18.06.2021, 17:40

Қызылордада халықаралық іздеуде жүрген аса қауіпті қылмыскер ұсталды

Фото: ашық дереккөзі
Полицейлер оған қатысты күдіктінің жеке басын анықтады.

Қызылорда облысында адам өлтірді деген күдікке ілігіп, халықаралық іздеу жарияланған аса қауіпті қылмыскерді полицейлер үш жылға жақын уақыттан кейін қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға 2018 жылдың күзінде Қызылорда қаласынындағы Яссауи мен Бөкейхан көшелерінің қиылысында болған.

Сол аумақтағы «Гелиос» жанармай бекетіне қарама-қарсы тұста түскі уақытта «Toyota Land Cruiser Prado» автокөлігінен кеуде тұсынан екі оқ тиген елорда тұрғынының денесі табылған еді.

Полицейлер оған қатысты күдіктінің жеке басын анықтады. Сол жылдың 5 желтоқсанында Қызылорда қаласының тұрғыны аталған адам өліміне күдікті деп танылды. Ол 34 жастағы ер адам болып шықты.

«Бой тасалап қашып кеткен қылмыскерге халықаралық іздеу жарияланды. Оған қатысты сот «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдады.

Құқық қорғау органдары қажетті арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері іздеуде жүрген күдіктіні облыс орталығында таңертең туыстарының жеке үйінде қолға түсірді.

Бұл сәтте ол қашып кетуге тырысып, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетті. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Еске салсақ, Қызылордада түн ішінде қоғамдық орында тәртіпсіздікке жол берген жасөспірімдер ұсталды.