21.06.2021, 10:00

Қызылордада жоғалып кеткен қыз баланың мәйіті табылды

Шіркейлі суару каналынан Жедел құтқару жасағының күшімен 2008 жылы туған жасөспірімнің мәйіті (киіммен) шығарылды.

Махамбетов селосындағы каналдан бұған дейін із-түзсіз кеткен қыз баланың мәйіті табылды деп хабарлайды Қызылорда облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобы.

19 маусымда "112" кезекші-диспетчерлік пультіне 2008 жылғы қыз баланың үйден шығып оралмағандығы туралы хабар қалалық полиция басқармасынан келіп түскен.

Қызылорда полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен волонтёрлер іздестіру жұмыстарын жүргізді. 20 маусым күні сағат түскі бірден 30 минут өткенде Қызылорда қаласы, Махамбетов ауылында Шіркейлі суару каналынан Жедел құтқару жасағының күшімен 2008 жылы туған жасөспірімнің мәйіті (киіммен) шығарылды.

Қыз баланы іздеуге Төтенше жағдайлар департаменті (үш қызметкер, 11 құтқарушы, оның ішінде екі кинологиялық есеп және екі техника бірлігі, үш су көлігі), Полиция департаменті (180 қызметкер және 30 техника бірлігі, №5547 әскери бөлімі 100 адам төрт бірлік техника), он волонтёр атсалысты. 

Осы орайда Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындарынан балаларды қараусыз қалдырмауды сұрауда.

Еске салсақ, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар Есіл өзенінен түсініксіз жағдайда жоғалып кеткен адамның мәйітін тапқанын жазған едік. Оның неден көз жұмғаны анықталып жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалған дейді ТЖ департаменті.