18 маусымда Ақтөбеде 21 жастағы Қолғанат Әшіров жерленді. Оның денесін Оралдан әскери қызметшілер алып келді, бірақ олар жаназаға қатыспаған деп жазды kznews.kz.
Сарбаздың туыстарының Қолғанат қызмет еткен 5517 әскери бөлімі қызметкерлеріне көптеген сұрақтары бар. Жігіт әскерге жарты жыл бұрын кеткен. Отбасымен күн сайын бейнебайланыс арқылы сөйлесіп тұрған. Жігіт бірер мәселеге тап болғаны туралы мүлде айтпаған.
Ресми нұсқа бойынша, қатардағы жауынгер күзет кезінде өзін-өзі атып тастаған. Сарбазды ауруханаға жеткізгенше тірі болған, бірақ оны құтқаруға мүмкіндік болмаған.
«Оның басы толығымен мылжа-мылжасы шыққан. Өзін үш рет ату мүмкін емес. Оның өзі бұған бармас еді. Айналадағылардың бәрі: суицид, суицид дейді. Бірақ мен сенбеймін»дейді қайтыс болған жігіттің анасы Гүлшат Жұбатқонова.
Бұл оқиға туралы айтқан қоғам қайраткері Мұрат Телібеков қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың позициясын сынға алды.
«Мен министр Ермекбаев әр сарбазды қадағалай алмайтынын түсінемін. Бірақ қылмысқа байланысты қатаң шаралар қабылдау оның құзыретінде бар ғой», – деп атап өтті қоғам қайраткері.
Сонымен бірге қоғам қайраткері қорғаныс министрі қызметіне қатал адам керек екенін баса айтты.
«Неге министр солдат қаза тапқан әскери бөлімге бармайды? Министрдің қателіктері үшін кешіруге болады. Бірақ немқұрайдылықты кешіру мүмкін емес», – деп қосты Телибеков мырза.