Венгрия мен Қазақстан өзара вакцинация сертификаттары мен паспорттарын мойындады. Бұл туралы Қазақстанның Венгриядағы елшілігі өзінің ресми сайтында хабарлады.
Қазақстан елшісі Жәнібек Әбдірашов Венгрия мемлекеттік хатшысының орынбасары Андраш Баранимен кездесті. Іс-шара барасында қос тарап екі ел арасындағы вакцинация сертификаттарын/паспорттарын өзара тану туралы вербалды ноталармен алмасты.
Иммундау сертификаттарының болуы Covid-19 инфекциясының таралуын болдырмауға бағытталған шектеу шараларынсыз (ПТР тест және карантин) екі ел азаматтарының Қазақстан Республикасына және Мажарстанға кіруіне кепілдік береді.
Өзара мойындау шекараларды ашу және Будапешт пен Нұр-Сұлтан арасындағы тікелей әуе қатынасын жандандыру бойынша алғашқы қадамдардың бірі саналады. Осылайша, Мажарстан Қазақстандық вакцинация сертификаттарын/паспорттарын мойындайтын Еуропалық Одақтың алғашқы елі болды.