23.06.2021, 10:20

Венгрия қазақстандық вакцинация паспортын мойындады

Мажарстан Қазақстандық вакцинация сертификаттарын/паспорттарын мойындайтын Еуропалық Одақтың алғашқы елі болды.

Венгрия мен Қазақстан өзара вакцинация сертификаттары мен паспорттарын мойындады. Бұл туралы Қазақстанның Венгриядағы елшілігі өзінің ресми сайтында хабарлады. 

Қазақстан елшісі Жәнібек Әбдірашов Венгрия мемлекеттік хатшысының орынбасары Андраш Баранимен кездесті. Іс-шара барасында қос тарап екі ел арасындағы вакцинация сертификаттарын/паспорттарын өзара тану туралы вербалды ноталармен алмасты.

Иммундау сертификаттарының болуы Covid-19 инфекциясының таралуын болдырмауға бағытталған шектеу шараларынсыз (ПТР тест және карантин) екі ел азаматтарының Қазақстан Республикасына және Мажарстанға кіруіне кепілдік береді. 

Өзара мойындау шекараларды ашу және Будапешт пен Нұр-Сұлтан арасындағы тікелей әуе қатынасын жандандыру бойынша алғашқы қадамдардың бірі саналады. Осылайша, Мажарстан Қазақстандық вакцинация сертификаттарын/паспорттарын мойындайтын Еуропалық Одақтың алғашқы елі болды.