$ 494.87  520.65  4.91

Шығыс Қазақстан облысында мал белгісіз дерттен қырылып жатыр

Өңірдегі Шілікті ауылында мал арасына тараған індет әлі тыйылмады.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Шығыс Қазақстандағы Шілікті ауылы мен оның маңындағы бірнеше қожалықтың ірі қарасы белгісіз індеттен қырыла бастаған, деп хабарлайды Stan.kz.

Шығыс Қазақстандағы Шілікті ауылында мал арасына тараған індет әлі тыйылмады. Сәуір айында бірнеше қожалықта енді ғана отыға бастаған жас төл қырылып қалған еді. Ол кезде ветеринарлар қозы мен бұзау аштан өліп жатыр деп шаруалардың өзін айыптаған. Алайда зертханалық сараптаманың қорытындысы "анаэробты интер таксин" деген инфекциядан өлгенін дәлелдеді. Бұл малдың ішкі құрылысын зақымдайтын ауру.

Шілікті – шекараның шегіндегі ауыл. Халық тек мал өсіріп тірлік етіп отыр. Бірақ биылғы көктемде кейбір шаруашылықтардың малына індет тиіп, жас төл қырылған. Айболат Лекеровтың өзінен 150 қозы өлген. Аудан мен облыстан келген ветеринарлар бастапқыда жас төл аштан өліп жатыр деген болжам айтқан. 

“Аурудың сараптама қорытындысы шықты. Ауру екені анықталды. Аштан өлмегені дәлелденді. Ол ауру күні бүгінге дейін жалғасып жатыр. Ұсақ малдардан қойлар ақсап жатыр. Төлдің өлуі тыйылды. Ауру әлі тоқтаған жоқ. Оны тоқтатудың амалдары, алдын алу шараларының жүргізілмегеніне алаңдаймыз”, – деді шаруа қожалығының өкілі Айболат Лекеров.

Бұл қожалықтан соңғы бір айда 10 нан аса сиыр ауырған. Бақташының айтуынша, ірі қараның ерні, езуі, тілі көлдіреп ісіп, аузынан сілекей шұбырады. Тіпті бірнеше тәуліктен соң мүлде шөп жұлып, оттай алмай қалады. Шаруалар аурудың белгілеріне қарап, аусыл ма деп алаңдап отыр. 

“Аусылдың белгілері негізі. Сілекейі ағып, аузы уылады дейді. Солай деп топшылап отырмыз. Мына сиыр, міне, алдыңғы күні бұзау тастап кетті. Ауырды. Әйтпесе желіндеп жүрген сиыр болатын. Өзіміз тотиаин, итокеспен егіп, ақырын емдеп отырмыз. Басқа қолдан келетін шара жоқ қой”, – деді бақташы Айдос Мәдиев.

Шарасы жоқ шаруалардың жағдайынан облыстағы ветеринария саласына жауапты органдар түгел хабардар. Әзірше сынама алған. Ал жазғытұрым өлген төл үшін жеке қожалықтарға өтемақы төленбейді. Ветеринарлардың айтуынша. "анаэробты интер таксин" деген індет өтемақы төлейтін аурудың тізімінде жоқ. 

“Бұл ауру ас қорыту жүйесінде болғандықтан, анаэробты болғандықтан бір-біріне жұққан. Сол жерде шектеу қойылса, қаупі жоқ”, – дейді Зайсан ауданы ветеринарлық қызметі директорының орынбасары Қымбат Еңсебаев.

Эпизотиялық ахуалға қарсы отрядаттан мамандар келіп, сынама алып, зертханадан тексеру үстінде. Сынаманы 17 мамыр күні алған. Нәтиже әлі жоқ. Аудандық ветеринария бөлімінің қызметкерлері орталықтан сынама нәтижесін күтіп жүргенде ауру асқынып барады. 

“Тек қана бізден емес. Көрші шаруа қожалығынан да өлді. Кеше сиыры өліп қалды, ауырып”, – деді бақташы Айдос Мәдиев.

Індетті басу үшін шаруалар өз білген ем-домын жасап жатыр. Осы белгісіз аурудың кесірінен кейбірі жайлауға да көше алмай жүр. Ал ветеринарлық қызмет мамандары Зайсан ауданында жалпы белгісіз ауруға қанша мал шалдыққанын айта алмай отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары