ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов «Қазақстанда үнді штамына байланысты локдаун жариялануы мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ералы Тоғжанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілердің сұрағына жауап беруде.
«Бүгінгі күні республика аумағына локдаун енгізуге байланысты еш мәселе көріп отырған жоқпыз. Ол күн тәртібінде де жоқ. Кеше ведомствоаралық комиссия отырысында Нұр-Сұлтан қаласында нақты шектеу шараларын қабылдадық. Сөз жоқ, оның бәрін алдын алу шаралары деп айтуға толық мүмкіндік бар. Оның ішінде нақты объектілер мен қызмет көрсету саласына, халық көп жиналатын сауда орталықтарына байланысты қандай шаралар қолға алынғанын өздеріңіз естідіңдіздер. Сондықтан қазір осы шаралар айналасында жұмыс істей береміз. Әрі қарайғы шешім қабылдауымыз елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады», - деп жауап берді Ералы Тоғжанов.
Айта кетейік, 22 маусымда елордада коронавирустың үнді штаммы анықталды. Коронавирустың «дельта» штаммы жоғары жұқтырғышқа ие және штамм анықталған науқастардың 60 пайызында 7 күнге дейінгі барынша қысқа инкубациялық кезеңімен ерекшеленеді.