$ 448.89  477.93  4.76

«Украинада бұл үшін дабыл қағар еді»: сарапшы Қазақстандағы нашақорлық жайын сөз етті

Сарапшы синтетикалық есіркінің салдары опиумнан 10 есе ауыр екенін ескертті.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Ішкі істер министрлігі жариялаған соңғы статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 2018-2020 жылдары тәркіленген синтетикалық есірткі көлемі 10 есе артқан – 5,2 келіден 96 кг-ға дейін. 2021 жыл басынан бері 41 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Синтетика айналымына байланысты 526 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Есірткі тарататын 740 сайт жұмысына тыйым салынды (2021 жылдың 21 маусымында берілген ақпарат).

Опиумнан зардабы әлдеқайда ауыр бұл синтетикалық есірткілер не себепті жасөспірімдер арасында бірден танылып, тарап кетті? Оның алдын алу мүмкін бе?

Azattyq Rýhy тілшісі 5 жылдан бері қазақстанда қызмет атқарып жүрген Украина азаматы психолог-аддиктолог, гештальт-терапевт Александр Рущукпен сұхбаттасты.

- 13-14 жастан бастап 18-20 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастар арасында синтетикалық нашаны қолдану кең таралып отыр. Украинамен салыстырар болсақ, ол жақта мұндай мәсележе «айқайлап», дабыл қақса, Қазақстанда бұл – «жабық» тақырып. Балаңның нашақор екенін айту – «ұят». Алайда, бұл мәселе күннен күнге өзекті болып бара жатқанын мойындау керек. 10-12 жастағы балаларға наша тасушы ретінде жұмыс ұсынатындар ұсталып жатыр. Полиция көшеде кетіп бара жатқан баланы ұстап, тексермейді. Себебі, күдіктенбейді. Ал, жұмыс беруші балаға аптасына 100 мыңға дейін ақша төлейді. Тек қана «қағазға оралған мына орамдарды көзделген жерге апарасың, мысалы, белгілі бір мекен-жайдағы қоршаудың астына қоясың, суретке түсіріп, есеп бересің, болды» деп алдайды. Олардың схемасы осындай, - дейді маман.

Александрдың айтуынша, мұндай оңай олжаға бала бір күні бала орамды ашып, дәмін татып көреді. Одан басқа жолы – жасөспірімдер арасында кең тараған қызығушылықтар. Яғни, синтетикалық есірткіні қолдану арқылы ұйықтамау, шаршамау сияқты сезімдерді басынан өткереді.

СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІГЕ 40 ЖАСТАН АСҚАНДАР ДА ӘУЕС

Нашақорлық адамның жасына, мәртебесіне қарамайды. Дегенмен, бұл жағдайға жасөспірімдерден кейін көп ұрынатындар – жасы қырықтан асқан, әдетте шамасы жетпейтін жаңа мүмкіндіктерге ұмтылатын жандар екен.

- 40 жастан асқан ерлер де синтетикалық есірткіге көп ұрынады. Ол тіпті 5 баланың әкесі болуы да мүмкін. Оларды қызықтыратын фактілер: 2-3 түн қатар ұйықтамау қабілеті (мысалы, таксистер), шығармашылық шабыт (мысалы, архитектор сияқты творчестволық маман иелері), 10 сағат тоқтамай жыныстық қатынасқа түсу қабілеті (көп еркектерді қызықтырады) және жай ғана шаршамай жүру үшін қолданады, - дейді Александр.

Сарапшы синтетикалық есіркінің салдары опиумнан 10 есе ауыр екенін ескертті.

- Шамға электр тоғын көбірек жіберсеңіз, оның жарығы қанығырақ болуы мүмкін. Бірақ, еселенген қуаттан ол бірден күйіп кетеді. Есірткі де солай. Бірнеше ай тұтынған адамның тоз-тозы шығады. Мәселен, 10 жыл опиум қолданған адам 1-2 ай ем алған соң, жайлап қалпына келе бастайды. Себебі, оның миын сау деуге болады. Ал, синтетиканы бірнеше ай ғана қолданған адам жылдап емделсе де, қалпына келуі өте қиын. Сол себепті, көпшілігі емделе алмай, өмір бойына психикалық диспансерге қамалады, - дейді сарапшы.

Айтуынша, синтетикалық немесе дизайнерлік деп танылған есірткі адамның орталық жүйке жүйесі мен танымдық қабілеттерін тез бұзады.

Сыни ойлау қабілеті бірден төмендейді. Психикалық бұзылу және өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері байқала бастайды. Көп ата-ана баласының синтетикалық есірткі тұтынып жүргенін байқамай қалады. Оны байқау үшін мына белгілерге мән берген жөн:

жеңіл белгілері: бала 3-4 күн қатар түнде де ұйықтамай жүре береді; тамақ жемейді; көзі шаранасынан шығып кетердей болып үлкейіп тұрады;
орташа ауырлық белгілері: үйден қашуды шығарады; айқайлайды; бұрын айтпаған боқауыз сөз айтады; несие алғаны анықталады;
ең ауыр жағдайға түскен науқастың белгілері: телефонды сындырып тастайды (себебі, біреулер оны аңдып жүр деп санайды), сол үшін терезеден полиция қызметкерлерін көріп, тығылады. Жоқ адаммен сөйлесуді шығарады. Өзін біреудің аңдып жүргеніне кәміл сеніп, ата-анасына айтып, шағымданады. Яғни, шизофрения немесе ессіздіктің белгілері таза күйінде көрінеді.
Александр Рущук қызмет ететін елордадағы ем орталығы - халықаралық желінің бір бөлшегі. Оның Қазақстан бойынша өңірлерде 7 филиалы бар. Бір ғана елорданың өзінде бірнеше орталық жұмыс істейді. Айына орта есеппен бір орталыққа стационарға жату үшін жоқ дегенде 15 адам келіп түседі екен, ал детоксикацияға 50-70 адам келіп емделеді.

20 жылдық тәжірибесі бар маман «науқастардың қайта қалпына келу мүмкіндігі бар ма?» деген сұраққа жауап берді.

- Біздің орталықта бір айлық емдік бағдарлама бар. Бірақ, мен кемі 6-7 ай үздіксіз ем алуға кеңес беремін. Себебі, синтетикалық наша тұтынатындардың көбіне біз тәуелділік және психикалық ауруға душар болу деген екі диагноз қоямыз. Науқасты қиындықтан алып шығу қиын. Ең бастысы, науқастың ниеті. Жазылғысы келетін болса, жарты жылдық емнен кейін жақсы нәтижеге қол жеткізуі әбден мүмкін. Өз еркімен келгендердің 60-70 пайызы емделіп жатады деуге болады. Емнен кейін ресоциолизация жасаймыз, - дейді гештальт-терапевт.

Емнің бір айлық құны – орта есеппен 300-400 мың теңге. Сарапшының айтуынша, емделушілердің қатарында көшедегі қаңғыбастан бастап танымал, бай тұлғаларға дейін бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары