Әлеуметтік желіде Түркістан қаласындағы атышулы «Керуен-сарайға» қатысты тағы бір бейнежазба тарап жатыр. Аталмыш жазбада Екінші Венеция аталып үлгерген «Керуен-сарайдың» төбесінің опырылып түсіп жатқаны бейнеленген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалмахановтың айтуынша, бұл жөндеу жұмыстары барысынан түсірілген видео.
«Нысан басшылығының өтініші бойынша келушілердің қауіпсіздігін сақтай отырып, жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік желі пайдаланушыларынан жалған ақпарат таратпауды сұраймын. Нысан жеке инвестициялар есебінен салынғанын еске салайын. Құрылыстың сапасына инвестор жауап береді», - деді ол.
Тағы оқыңыз: Түркістандағы «ұшатын театрдың» шатыры ұшып кетті
Алайда, бұл жазба қоғам арасында тағы бір шудың басталуына алып келді деуге болады. Түрлі пікірлер айтылып жатыр. Мәселен, журналист Жеңіс Құспан қолданысқа берілгеніне екі-үш ай ғана болған нысанның ремонтқа түскеніне таңғалыс білдірген.
«Жасанды, «жалған» Венециясымен әйгілі болған Түркістандағы «Керуен-сарайда» жарты жыл толмай жөндеу жұмыстары басталыпты. Әй, бұл жебірлерді қойсаңшы. Инвестордың қаражатына да қол салған ғой, сірә. «Инвестордың қаржысы, өзі біледі, ал мынау жоспарлы жөндеу жұмыстары», дейді. Сол инвестор мен әкімдіктің арасындағы келісімшартты, міндеттемелерін, инвестордың жұмыс жоспарын жариялаңызшы, алдымен. Жарты жыл толмай құрылысын жөндейтін «жарымжан» инвестордың жағдайымен танысайық. «Пәледен машайық қашыпты» деп әкімдіктің бұған қатысы жоқ дегенді доғару керек, кез келген инвестицияға әкімдік те, әкімнің қызметкерлері де тікелей жауапты», - деп жазды ол.
Бұған дейін миллиардтаған қаржы жұмсалған «Керуен сарайдың» қабырғасы пенопластан жасалғаны біраз талқыланған еді.