Азық-түліктің қымбаттығанына ашуланған бір топ ана Шымкент әкімдігі ғимаратының алдына келіп шу көтерді. Олар балаға ай сайын төленетін өтемақы ас-ауқат пен күнкөріске жетпейді деп ашынды. Бағаның шарықтауына шыдамдары таусылған аналар бірауыздан Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновтің ғимараттан шығуын талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкент әкімінің сыртқа шығуын талап еткен аналар елдегі бағаның шарықтауына және қымбатшылыққа төтеп бере алмай отырған биліктің қазіргі дәрменсіз халіне налиды. Олар бағаны тұрақтандыруға нақты шара қолданбады деген биліктің әрекетіне наразы. Әсіресе көпбалалы аналар алатын жәрдемақының мардымсыздығынан жарытып ас та іше алмаймыз дейді.
"Он мың теңгені балаңа жеткізіп ал " дейді. Бір қап ұнның өзін біз он мыңға аламыз қазір. Бұл ақша неге жетеді? Мен бес балама айына үш қап ұн аламын. Ал келемін де бір қап ұнды бүйтіп итке тамызғандай, көзге тамызғанға ұқсап отырамын. Нанға жетпейді", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Гүлзира Садықова.
Енді бірі бағаны еркіне қойып, оны ауыздықтауға шамасы келмейтін үкімет отставкаға кетсін деп ұрандатты.
"Билік отставкаға кетсін. Билік отставкаға кетпей нанымыз үш жүз теңге емес, мың теңге болады ертеңгі күні", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Карима Хайдарбекова.
Бағаның шарықтауы жалпы елдегі жағдай, сондықтан тұрақтандыруға күш салудамыз деді әкімдіктегілер. Тіпті қаладағы ірі сауда желілерімен келісімге қол қойып, әлеуметтік тауарды нарықтан он пайызға арзан сатып жатқандарын айтады.
"Шымкент қаласында әлеуметтік дүкен іске қосылған. Бүгінде дүкен жұмысын жасап, бірқатар әлеуметтік азық-түлік тауарларын белгіленген бағада қала тұрғындарына ұсынып келеді", - деді Шымкент қаласы ауылшаруашылық және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қайрат Базарбеков.
Әкімдік жалпы азық-түлік мәселесін айтқанда, бала санына орай берілетін жәрдемақымен ғана салыстыру қисынсыз дейді. Себебі әр адамда басқа да табыс көздері бар деп есептейді. Бұл көрсеткіш үкімет деңгейінде бекітілген норма. Сондықтан, бірнеше жыл бұрын белгіленген соманы өсіру мәселесі әзірге қаралған жоқ деп кесіп айтты.