Көліктен түспей дәрет сындырып отырған полицейдің суреті бір тәуліктен бері әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Қоғам тәртіп сақшысының осынау анайы әрекетіне наразылық білдіруде. Ал, Алматы қалалық жергілікті полиция қызметінің басшылары қоғамдық тәртіпті бұзған қызметкеріне іздеу жариялады деп жазады Informburo.kz.
Оқиғаның Алматыда орын алғанын қала тұрғындары растап отыр. Полицей дәрет сындырған жер "Хохлушка" мейрамханасының алды дейді білетіндер. Ал, ол отырған Nissan Primera көлігі Алматы облысы Кербұлақ ауданының тұрғыны Жанар Бұхарбаеваға тиесілі екен. 49 жастағы әйел бұған дейін бірнеше рет жол ережесін бұзып, оның атына хаттамалар толтырылған. Атап айтқанда, жүргізуші жылдамдықты жиі асырып, көлік тізгінінде ұялы телефонмен сөйлескенді ұнататын көрінеді.
Қазіргі таңда полицейлер дәрет сындырып отырған әріптесінің кім екенін анықтауға кірісіп кеткен. Оның аталған көлік иесіне қандай қатысы бар екені де анықталатын болады.