Солтүстік Қазақстанда жайылым тапшылығына байланысты ауыл тұрғындары малды жаппай қыруға мәжбүр. Мәселе жерді кәсіпорындарға егін егуге бергеннен кейін пайда болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметі бойынша, Березовка ауылында екі жыл бұрын жас малды есептемегенде 200-ге жуық сиыр болған. Қазір шамамен 30 бас сиыр қалған. Тұрғындар малды қайда жаярын білмейді.
"Менде 10 бас жылқы бар, оны 300 шақырымдағы құдама апарып тастадым. Мал жаятын жер жоқ. Ауылда тұрамыз, жайылым жоқ, шабындық жоқ, айналаның бәрін жыртып тастады. Қыста беретін жем-шөп жоқ. Ешкімде шабындық жоқ. Менің ойымша, ауылда қалған 30 бас малдан да ештеңе қалмайды. Сояды немесе басқа жаққа апарады", - дейді ауыл тұрғыны Шарнияс Рүстенов.
Максим Ищук ауылға Петропавлдан шаруашылық жүргізу үшін көшіп келген екен. Бірақ жайылым тапшылығы жоспарды бұзған. Тұрғындар тіпті жеке қажеті үшін де мал баға алмайтын жағдайға жеткен. Олардың айтуынша жердің бәрі егін егуге берілген, дейді телеарна тілшісі.
"Жердің бәріне егін егілген. Сиырды жаятын жер жоқ. Қойларды Мамлют ауданына апаруға тура келді, өйткені басқа амал жоқ. Сиырлар сүт бермейді, бұзаулар да салмағын жоғалтты. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін несие алғым келген. Енді қайдағы несие?" - деп шағымданады ер адам.
Шенеуніктер жайылым тапшылығы фермерлердің жаппай егін егуіне байланысты туындағанын мойындайды.
"ЖШС, шаруа қожалықтары байқау арқылы жеңіп алды. Сөйтіп жерлерін жырта бастады. Бұрын ол жерлер пайдаланылмаған. Осыған байланысты жайылым жетіспеушілігі туындады", - дейді Қызылжар ауданы Рощин ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бибігүл Мусина.
Ауыл шаруашылығы басқармасында өңірдің жартысында жайылым тапшылығы байқалатынын түсіндірді. Мысалы, Березовкада 500 гектарға жуық жер жетіспейді.
Биыл шенеуніктер 77 мың гектар жерді алып, оларды жайылым мәртебесіне қайтарған. Березовкаға келетін болсақ, ауыл шаруашылығы басқармасы малды әскери полигон арқылы айдап өту мүмкіндігі туралы келіссөз жүргізуге уәде берді.