$ 494.87  520.65  4.91

Бір келі еттің бағасы 4 000 теңгеге дейін өсуі мүмкін

Сүт те, тауық та, жұмыртқа да қымбаттайды. Себебі, жем-шөп қымбат.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Қазақстанда тауық жұмыртқасының ондығы мың теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Шаруа қожалықтарының иелері осындай болжамдар айтуда. Қымбаттаудың себептерінің бірі – 2020 жылдың соңында Қазақстанда өршіген құс тұмауы. Ол кезде шамамен екі миллионға жуық құс қырылды. Екінші себеп – жемнің қымбаттауы. Сонымен, егер 2019 жылы жемнің бағасы 1 кг үшін 100 теңге болса, 2020 жылы олардың бағасы 200 теңгені құрады, ал 2021 жылы 360 теңгеге дейін өскен.

Сарапшылар бұл үрдісті түсіндірді. Бәрі қымбаттауда — инфляция қарқыны осындай.

Не қымбаттады?

“Сұңқар” астық компаниясының директоры Марат Айсиннің айтуынша, жем-шөп бағасына бірінші кезекте шикізат – бидайдың қымбаттауы әсер еткен.

– Бағасын анықтау шикізаттан басталады. Егер өткен жылы 1 тоннаның бағасы 85 мың теңге болса, бүгінде – 96 мың теңге.

Қаптама да қымбаттады — қаптар, пленка және т.б. Электр энергиясы мен бензиннің де бағасы өсті.

Бірақ ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқа өндірушілерді субсидияламақшы, сондықтан бағаның қатты өсуі бола қоймайды. Бірақ еттің қымбаттауының алдын алу мүмкін емес, өйткені мал азығы күннен-күнге қымбаттап барады”, — дейді Айсин.

Ұн тарту саласы қиындықтарының салдары

“Мутлу” ұн тарту комбинатының директоры Дос-Мұқасан Таукебаев жем бағасының өсуін ұн тарту кәсіпорындарының банкротқа ұшырауымен байланыстырады.

– Елімізде қалған ұн тарту кешендерінің жүктемесі небәрі 9-10%-ды құрайды. Яғни, бұл айына үш күн ғана жұмыс деген сөз. Сондықтан пайда өте аз.

2021 жылы Қазақстанда жұмыс істеп тұрған ұн тартатын компаниялардың саны 150-ге азайды, ал өткен жылы олардың саны 270 болатын, — деп атап өтті ол.

Ол ұн тарту кәсіпорындары жүктемесінің төмендігін ұн экспорты толығымен дерлік тоқтап тұрғандығымен түсіндіреді. Ауған нарығына оны негізінен өзбек ұн өндірушілері жеткізеді. Тәжік нарығы ұнмен өзін-өзі толықтай қамтамасыз етеді.

Бүгінде Қазақстан үшін жалғыз нарық — бұл Қырғызстан, бірақ онда халық саны аз және қажеттілік те аз

Қазақстанның ішкі нарығы да шағын. 18 млн халықты ұнмен қамтамасыз ету үшін 18 ұн тарту кешені жеткілікті.

Кебек тапшылығы

Ұн өндірісінің қысқаруымен қатар жанама өнімдер — жем өндірісі де қысқарды, бұл оларға деген сұранысты арттырды.

– 1 тонна бидайды өңдеген кезде біз 73% ұн аламыз. Шамамен 2% шығын — шаң мен қоқыс. Қалған 25%-ы кебек және астық қалдықтары, жарма. Кебек, негізінен жем базасы болып табылады. Бүгінгі күні Қарағанды облысында бір кило кебек 80 теңге, ал осыдан он күн бұрын 68 теңге болған

Егер барлық ұн тарту комбинаттары жұмыс істеген болса, онда кебек, жарма және астық қалдықтары көп болар еді. Бір килограммының бағасы 30-40 теңге болар еді. Ал сиыр етінің килосы 3 мың теңге емес, 1500 теңге тұратын еді. Жұмыртқаның ондығы 600 теңге емес, 200-300 теңге. Барлығы бір-бірімен өзара байланысты, – деп есептейді Таукебаев.

Кейінге қалдырылған әсер

Болашақта, оның болжамдары бойынша, жем тек қымбаттай бермек. Бұл еттің де қымбаттауына әкеледі. Мысалы, бір килограмм сиыр етінің бағасы 4 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін.

– Қазір ет әлі қымбаттаған жоқ, өйткені мал ұстайтын көптеген жеке шаруашылықтар құрғақшылық пен қымбат азықтың салдарынан малдарын жаппай соя бастады. Нарықта ет сатушылар көп. Бірақ уақыт өте келе елдегі мал басы азаяды. Малын соймағандар мол табысқа кенеледі. Сүт, тауық еті мен жұмыртқа да қымбаттауда. Бізде электр энергиясы мен дизель отынының бағасы да өсуде, — дейді ұн тартушы.

Құрғақшылық та себепкер

Дос-Мұқасан Таукебаевтың айтуынша, жем-шөптің қымбаттауының екінші факторы – Батыс Қазақстанда болған құрғақшылық. Бидай жинау басталған Оңтүстік Қазақстан облысында да жағымсыз болжамдар орын алуда.

— Көптеген алқаптар өртеніп кетті, өнімділігі төмен, бидай күннен күнге қымбаттауда. Бүгінгі таңда Қазақстан ұн тартушыларының ақпараты бойынша,

Түркістан және Жамбыл облыстарында буылған бидай қаптарының 1 кг 120 теңгеден сатылады, бір қап ұн 6 мың теңге, — дейді ол.

Сонымен қатар, ол атап өткендей, бидайдың көп бөлігі шетелге сатылады.

— Біз, Қазақстанның ұн тартушылары, он жылдан бері Президентке де, үкіметке де, барлық бейінді ведомстволар мен министрлерге де шикізат экспортын шектеу керек деп жазып келеміз. Бізде ұнды тек қайта өңделген түрде экспорттау керек деген ұран болуы керек.

Өзбекстанда ұн тарту тиімдірек

Егер сіз Өзбекстаннан сатып алуға шикізат сұрасаңыз, сізге тек дайын өнім түрінде сататынын айтады. Қытай ешқашан шикізат бермейді. Яғни, біз көрші елдердің шикізат қорына айналдық. Өзбекстанда соңғы бес жылда 500-ге жуық ұн тарту компаниясы салынды, олардың көпшілігі қазақстандық бидаймен жұмыс істейді. Бұрын біз ұнды Өзбекстанға, Тәжікстанға, Түрікменстанға, Ауғанстанға өзіміз жеткізетінбіз. Бірақ, өкінішке орай, соңғы жылдары Өзбекстан бізді бұл нарықтардан ығыстырды.

Жақында Өзбекстан Конвенция жариялады – қазақстандық ұн тартушылар Ауғанстан бағытында вагондарға ұн тией алмайды. Ал ел ішіндегі жергілікті жүк жөнелтушілерге рұқсат бар.

Яғни, өзбек үкіметі қайта өңдеуді дамыту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Бізге олармен бәсекелесу қиын. Бізде электр энергиясының 1 киловатты 24 теңге, ал Өзбекстанда, егер біздің ақшамызбен есептесек, 8 теңге тұрады. Үш есе арзан.

Біздің жүк тасушыларымыздың жалақысы 200 мың теңгені құрайды, ал өзбектер өздерінде 50 мың теңгеге жұмыс істейді. Бізде 7 жылға несиелер тек 14%-бен, ал Өзбекстанда 15 жылға 4%-бен беріледі. Сонымен қатар, біз салықтың көптеген түрлерін төлейміз, ал Өзбекстанда барлық жаңа өндірістер “әлеуметтік салықтан” басқа барлық салықтардан 5 жылға босатылады.

Содан кейін, қыс бізде 9 айға созылады, ал Өзбекстанда жыл бойы күн жылы. Біз коммуналдық шығындарды төлеуіміз керек – жылыту, қарды тазарту және т.б. Бізді еңсере алмайтын жағдайға қалдыратын көптеген факторлар бар, – деп қорытындылады Таукебаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары