Ақтаулық белсенді Азамат Сәрсенбаев Ақтау сыртындағы иесіз жағажайдың қоқыс толы көрінісін көрсетті, деп хабарлайды ЭК. Бұл туралы блогер Facebook парақшасында жазды.
Ақтаудан солтүстікке қарай 24 шақырымда орналасқан Сайын Шапағатов ауылына қарасты жағажай бар, суы мөлдір, ақшағыл құмдары табанға тимейтін сусыған әдемі топырақты жер. Бір ауылдың ғана емес, Ақтаудың да тұрғындары баратын жағажайдың маңы қазір қоқыстан көз ашпайды.
"Жыл сайын осы әдемі жағажай тымсайлы демалыс орны емес, үйілген күл-қоқыс алаңына айналып барады. Тұрғындар осы жағажайға келу үшін жағалаудан 200 метр қашықтыққа көліктерін тастап кетеді, ерінбей-жалықпай жағаға жеткенше дорба-дорба тамақтарын тасып барады. Ал ішіп-жеп, суға түсіп болған соң қалдықтарын сол жерге оп-оңай тастап кете береді", — деп жазды Азамат Сәрсенбаев.
Десе де, тұрғындар алмаған жауапкершілікті ауыл әкімдігі бақылау қажет шығар деген оймен ЭК тілшісі сол округтің әкімдігіне хабарласты.
"Видеода көрсетілген жағажай аумағына баратын жолдағы жердің көпшілігі жеке компаниялар мен жеке кәсіпкелерге тиесілі. Ал дәл теңізге тиіп тұрған 30 метрлік жағалау біздің әкімдіктің территориясы. Қазір сол тұрмыстық қалдықтар біздің аумақта да, аталған кәсіпкерлердің аумағында да бар. Бірнеше рет экология департаментіне хат жолдадым, сонша рет тазаланды. Бірақ тұрғындар ол жерді күнде қоқысқа толтырып кетеді", — деді Сайын Шапағатов ауылдық округінің әкімі Сайран Қылыш.
Ауыл әкімінің айтуынша, бүгіннен бастап жеке кәсіпкерлер өз аумағын тазалайды, қоқыс жәшігін де қоюды ұйымдастырмақшы.