Ақтөбеде кәмелетке толмағандардың істері және құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбеде кәмелетке толмағандардың істері және құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысы өтіп. Оған ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Е.Иманғалиев, қосымша білім беретін республикалық оқу-әдістемелік орталықтың директоры Р.Шер, облыс әкімінің орынбасары Бүлбұл Елеусінова, облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан, жергілікті полиция қызметінің басқарма бастығы Ардана Саймағанбетов, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасарыЖ. Мұхамбеталина, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның хатшысы Жолдас Нұршин, мектеп әкімшілігі қатысты.
Отырыста Ақтөбе қаласындағы орта мектептің 1 сынып оқушысына қатысты зорлық-зомбылық туралы құзырлы органдарға хабарламағаны үшін жауапқа тарту сұрақтары, сонымен қатар, балаларды қорғау шараларының кешенін жасай отыра кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу сұрақтары қаралды.
Комиссия мүшелері зардап шеккен бала мен оның отбасына психологиялық қолдау мен көмекті ұйымдастыру керектігін атап өтті. Мектеп әкімшілігін қылмыстық істі тергеуі аяқталғанға дейін жұмыстан уақытша шектеу ұсынылды. Бұдан өзге, білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылық деректерін анықтау және оларға ден қою сұрақтары бойынша оқу семинарын өткізу ұсынылды.
Еске салсақ, Ақтөбе полициясы мектеп оқушысына нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану дерегіне қатысты тергеуді бастап, бірнеше сараптама тағайындады. Облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханның айтуынша, алғашқы сараптаманың қорытындысы бойынша зорлық фактісі анықталмаған.