$ 449.58  486.94  4.86

Президент: Pfizer вакцинасын қазақстандықтарға қолжетімді ету керек

Жекелеген салаларда міндетті вакцина салдыру қажет болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Жекелеген салаларда міндетті вакцина салдыру қажет болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында екпе салуға қатысты жалған құжаттар туралы деректер пайда болып жатыр. Бұл қоғам үшін өте қауіпті жағдай. Өйткені, халық көп жиналатын жерлерде дерт жұқтырған адам да жүруі мүмкін деген сөз. Сондықтан құқық қорғау органдары осы мәселеге баса назар аударуға тиіс. Біз пандемиямен күрестің негізгі жолы вакцинация екенін түсінуіміз қажет. Бұл айқын нәрсе»,- деді ҚР Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында.

Мемлекет басшысы Үкімет еліміздегі вакцинация бойынша қазіргі көрсеткіштерді баяндағанын еске салып өтті.

«Алайда ашығын айту керек, бұл жұмыстың қарқыны әлі де мардымсыз. Нақты қадамдар жасау қажет. Түптеп келгенде азаматтарымыз өздерінің және жақын туыстарының денсаулығын ойлап, саналы түрде шешім қабылдауы керек. Антиваксерлердің қауесет, даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ. Сондықтан біз екпе салу науқанын жалғастырамыз. Ал кейбір жекелеген салаларда міндетті вакцина салдыру қажет болады. Бұл үшін заңнамалық та, конституциялық да негіз бар. Турасын айтсақ, бұл әркімнің өз отандастары алдындағы міндеті, парызы», - деді Тоқаев.

Президент сөз барысында қазақстандықтарға Pfizer вакцинасын қолжетімді етуді де тапсырды.

«Біз азаматтарға қатысты ұсыныстарымызды әртараптандыруымыз керек. Бәлкім кейбір азаматтар дәл осы вакцинаны қабылдағысы келетін шығар. Сондықтан мұндай азаматтарға мүмкіндік беріңіздер. Проблеманы қысқа мерзімде шешіп, Pfizer вакцинасын қазақстандықтарға қолжетімді ету керек», - деді Мемлекет басшысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары